Биылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер декларация тапсырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер декларация тапсырады

06.01.2021

Президент өткен жылғы Жолдауда түрлі салықтар мөлшері мен санының тым көбейіп кеткенін айтқан еді. Осыған орай биылғы жылы саланы едәуір өзгерістер күтіп тұр. Салық кодексіне енген түзетулерге сай, 1 қаңтардан бастап қосымша құн салығы бойынша есепке қоюдың шекті мөлшері 30 мың АЕК-тен 20 мыңға дейін қысқарды. Тағы бір жаңашылдық биылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер декларация тапсырады. Осы және басқа да өзгерістер жайлы Ғабит Бөкенбай. 

Биылдан бастап көпқабатты үй тұрғындары жер салығынан босатылды. Сондай-ақ, көлік салығын төлеу мерзімі де ұзарды. Яғни аталған салықты календарлық жыл аяқталған соң, 4 ай ішінде еш өсімпұлсыз өтеуге рұқсат. Әрі, тұрғындар мүлік пен жер салығын бірге төлейді. Сол арқылы бұл салық түрін төлеу процесі жеңілдемек.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  
-Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп депутаттық корпусты қатыстыра отырып салық міндеттемелерін түбегейлі жеңілдету және салықтар мен төлемдер санын азайту үшін салық кодексі мен заңға тәуелді актілерді қайта қарауды тапсырамын.  

Пандемияға байланысты былтыр шағын орта бизнес ұжымдық табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік және бірыңғай жер салығын төлеуден босатылған. Мемлекет сондай-ақ кәсіпкерлерді тексеруге қатысты да мораторий жариялады. Аталған шара 2022 жылдың соңына дейін күшінде болады. Сондай-ақ шағын және орта бизнес иелері салықтан және жалақы қорының төлемдерінен босатылды. 

Биылдан бастап жалпыға бірдей декларациялау басталады. Бірінші кезеңде, мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалар декларация тапсырады. Екінші кезең 2023 жылы басталмақ. Ол кезде мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері және олардың жұбайлары табыстарын декларациялайды.  

2021 жылы қағаз анықтамалар қолданыстан кетеді. Биыл, eGov пайдаланушыларын биометриялық сәйкестендіру жүйесі іске қосылады. Демек, еGov порталына ұялы телефонды бетке жақындату арқылы тіркелесіз. Жыл соңында Қазақстанда халық санағы өтеді. О баста 2020 жылдың қазан айында өтеді деп жоспарланған. Алайда пандемия бұл жоспарға өзгеріс енгізіп, халық санағының уақыты бір жылға кейін сырғыды.   

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу