2020 жыл: Мемлекет басшысы жариялаған реформаларға карантин кедергі болмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жыл: Мемлекет басшысы жариялаған реформаларға карантин кедергі болмады

30.12.2020

Биыл пандемия салдарынан жоспарлы халықаралық кездесулер мен жиындардың кейбірі өтпей қалды. Бірі кейінге шегерілсе, кей саммиттер әдеттегідей бетпе-бет емес, онлайн форматта өтті. Ал ішкі саясатқа келсек, Мемлекет басшысы жариялаған реформаларға карантин кедергі болмады. Жылдың басты саяси оқиғаларын сарлап көрейік.  

Биыл сыртқы саясатты жүргізу үшін күрделі жыл болды. Пандемияға дейін жоспарланған кездесулер кейінге қалып, екіжақты байланыстардың белсенділігі төмендеді. Дегенмен, тың тәсілдер де енгізілді. Саммиттер онлайн өтіп, жазбаша хат жолдау сынды көне тәсіл жаңа стандарт ретінде қолданылды. Мемлекет басшысы 12 айда 9 халықаралық жиынға қатысып, 30-дан астам елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіпті.

Онлайн отырыстардың ішінде ойып тұрып орын алар оқиға – Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөйлегені.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Әлемдегі қазіргі төтенше жағдай денсаулық сақтау жүйесінің бұзылуына, сондай-ақ гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық күйзеліске алып келді. Бұл – біздің беріктігіміз үшін зор сынақ. COVID-19 біздің жіберген қателіктеріміз бен ағаттықтарымызды анық көрсетті. 

Президент бұл жиында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру идеяларын ұсынды. Халықаралық қауымдастық Қазақстанның бұл бастамасына қолдау білдірді. Жалпы, шетелдік көшбасшылар биыл елімізде жүргізілген саяси реформаларға оңбағасын беріп жатыр. Мәселен, Президенттің Өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қоюы. Ауқымды істердің ішінде «Бейбіт шерулер туралы» жаңа заң, «Парламенттік оппозиция» туралы түсініктің енгізіліп, алдағы саяси додаға әсер ететін Сайлау туралы нормаларға енгізілген өзгерістер.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог лайықты жалғасын тапты. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде білім беру және денсаулық сақтау мәселелері, сондай-ақ саяси жаңғырудың негізгі бағыттары талқыланды. Ұлттық кеңестің бастамасымен тоғыз заң қабылданды. Тағы жеті заң жобасы қаралып жатыр. Бұл – Кеңес жұмысының қажеттігі мен тиімділігінің айқын көрінісі. Біз басшыларды ңжаңа буынын дайындауға баса мән бердік. Президенттік кадр резервіндегі жастардың жартысынан көбі қазірдің өзінде жауапты қызметтерге тағайындалды. Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. 

Яғни, карантинге қарамастан, жоспарланған реформалар кейінге қалмады. Тіпті, Президент келер жылдың басында жаңа саяси реформалар пакеті жарияланатынын мәлімдеді. Ішкі саясаттағы басты мақсат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру болып қала бермек. Халықаралық бірлестіктер де демократиялық жолмен дамуды таңдаған мемлекетпен сыртқы саясатты нығайтуға мүдделі екені анық.

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу