Елімізде шығарылатын виброакустикалық аппаратқа сұраныс артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде шығарылатын виброакустикалық аппаратқа сұраныс артқан

30.12.2020

Елордада шығарылатын медициналық аппаратқа Біріккен Араб Әмірліктерінен сұраныс бар. Құрылғы өкпе қабынуынан айығуға көмектеседі. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов кәсіпорынға барып, жұмыс қарқынымен танысты.  

Бұл виброакустикалық аппарат – өкпе ауруларына дауа. Құрылғыны мына шағын бөлмелерде құрастырып шығады. Ералы Тоғжанов отандық медициналық өнімнің өндіріс қуатын көруге келді.

Кәсіпорын айына 50 аппарат дайындайды. Қауқары 300-ге дейін жетеді. Ол үшін алдымен өндіріс орнын кеңейтіп алуды көздеп отыр. Өнімге сұраныс көп. Өзбекстан, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктеріне 60 дана өткізген. Вице-премьер отандық жабдықтың экспортқа шығарылуын қолдайды. Сонымен бірге өзімізде бола тұрып, сыртқа жалтақтамау керектігін айтты.

Аппараттың өкпе қабынуынан айықтыруға септігі зор. Жансақтау бөлімінде жатқандарға да пайдасы көп. Әсіресе Ковид ушыққан кезде ауруханаларға 200 медициналық құрылғы жеткізілген еді.

Анатолий Сергиенко, кәсіпорынның бас құрастырушысы:  
-Пандемия уақытында қарқынды терапия және инфекциялық бөлімшелерде қолданылды. Барлық кезеңнен өтті. Оңалту барысында да пайдасы зор. Өкпесі қабынған науқастар жазылып шыққаннан кейін де қолданғаны дұрыс.   

Виброакустикалық аппараттың артықшылығы ауруханада жатқан науқастардың қолдануына да қолайлы. Ал қазіргі құрылғы тек отырған немесе жүріп жүрген сырқат адамдарға арналған. Енді отандық өнімді 170 аудан емханасына бір-бірден үлестіру көзделіп отыр.   

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу