Қостанай облысында мал ұрлығы өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында мал ұрлығы өршіп тұр

25.12.2020

Қостанай облысында мал ұрлығы өршіп тұр. Жыл басынан бері облыста 189 осындай қылмыс тіркелсе, соның 55-і ғана ашылып, іс сотқа жөнелтілген. Мысалы Ұзынкөл ауданындағы көпбалалы отбасының екі жарым ай бұрын жоғалған қырықтан астам жылқысы әлі табылған жоқ. Көп жағдайда ұрыны таба алмайтын полиция, енді мал иелерін жазалаймыз деп отыр.  

Дәуренбек Әбдібек, тілші:      
-Қазақта «жүген ұстап қалды» деген сөз бар. Яғни малынан оқыста айырылған адамдар туралы айтылады. Қазіргі Баймұратовтар отбасындағы жағдай да тап осындай. Өрістегі жылқының бәрін ұры айдап әкеткен соң мына жүген де кәдеге жарамай, қазық басында ілініп тұр.  

Новопокров ауылының тұрғыны Халида Баймұратова 42 қылқұйрық 30 қыркүйек күні түнде өрістен жоғалғанын айтады. Мұның ішінде 10 жылқы жұрттың уақытша қосқан малы. Қалғаны өзінікі. 12 жылқыны 2018-ші жылы 2 млн 600 мың теңге жеңілдетілген несиеге сатып алған. Жеті баласы бар көпбалалы ана осылайша қымыз өндіріп өз кәсібін ашуды көздепті.

Халида Баймұратова, ауыл тұрғыны:  
-Олар былтыр құлындады. Сосын саууға үйрете бастадық. Шаруа енді алға баса ма деп отырғанда арты осылай болды. 

Жоғалған малды бес күн бойы жолдасы өз бетінше іздеп, таба алмағасын полицияға арыз беріпті. Алайда арада үш айға жуық уақыт өтсе де еш нәтиже жоқ. Жалпы ауылда мал ұрлануы үйреншікті жағдайға айналған.

Қайрат Ерғазин, ауыл тұрғыны:    
-Бірде менің семіз сиырым жоғалды. Табылмады. Биыл жазда 37 ұсақ малым жоғалды. Ол да кетті. Жалпы мұндай ұсақ-түйек ұрлыққа тіпті көп назар аудармайтын да болдық.  
Халида Баймұратова, ауыл тұрғыны: 
-Полицияның жұмысына көңілім толмайды. Қаншама жылқы жоғалып жатыр. 50-ден, 100-ден. Неге табылмайды? Мал болмаса да ұрлаған адам қалай табылмайды? 

Ал полиция департаментіндегілер ұрлықтың жиілеуіне және ашылмауына тұрғындардың өзін кінәлап отыр. Малды бақпай өріске қараусыз қоя береді дейді. Жоғалған соң да полицияға бірден хабарламайды.

Бекет Аймағамбетов, облыстық полиция департаментінің бастығы:  
-Бұдан былай малына немқұрайлы қараған азаматтарды жазаға тартамыз. Облыстық мәслихаттың шешімі бар. Сөйтіп тоқтатпасақ, басқаша тоқтату қиын шығар.  

Яғни полиция ұрлықты тоқтату үшін ұрыны табудан бұрын мал иесін жазалау тиімді деп есептейді. Ал Халида Баймұратова кәсіп қылам деп мемлекеттен алған несиені енді қалай қайтарарын білмей отыр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу