Қазақстан мен Ресей шекарасының маңында бірлескен сауда орталығы ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Ресей шекарасының маңында бірлескен сауда орталығы ашылады

25.12.2020

Ресейдің Астрахань облысында шекара маңындағы бірлескен сауда орталығы ашылады. Бұл - қазақстандық кәсіпкерлерге өнімді экспорттауға мүмкіндік береді, пандемия тұсында экономиканың тамарына қан жүгіртеді. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Астрахань өңіріне жұмыс сапары аясында шетелдік серіктестермен кездесті. 

Индира Бегайдар,тілші:
Ресейдің Астрахань облысында 150 мыңнан астам қазақ тұрады. Бұл өңірмен сауда-экономикалық байланысты күшейту маңызды. Сондықтан ірі, ілкімді жобаларды жүзеге асырып, бірлескен кәсіпорындардың санын көбейту көзделіп отыр.

Астрахань облысында қазақстандық капиталдың қатысуымен 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Көлік, логистика, мәдениет, туризм салалары бойынша әріптестіктің әлеуеті зор. Дегенмен пандемия экономикаға кері әсерін тигізбей қоймады. Сондықтан Астрахань тарапы біздің елден кеме құрылысына тапсырыс алып, Каспийде жаңа круиздік бағыт ашпақ. 

Ермек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі:
Байланыс бар, сауда айналымы да жаман емес. Дегенмен инвестиция саласында ортақ жобаларға баса назар аударуымыз керек. Ортақ Еуразиялық банктегі қаражатты тиімді пайдаланып, инвестиция игілігін көре аламыз.
Игорь Бабушкин, Астрахань облысының губернаторы:
«Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін дамыту туралы шешім қабылданды, «Лотос» атты экономикалық дәлізіміз бар, осы екеуі Каспий класстерін дамытатынына сенеміз. Қазақстанмен әріптестікті бекемдей түсуге ниеттіміз.

Келер жылы өзара сауда айналымын 50 пайызға арттырып, бірлескен кәсіпорындардың санын 100-ге жеткізу көзделіп отыр. Тиісті келісімдерге қол қойылды. 

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу