Қызылорда облысында «Жинақ марафоны» мәресіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында «Жинақ марафоны» мәресіне жетті

23.12.2020

Қызылорда облысында «Отбасы банк» Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұйымдастырған «Жинақ марафоны» мәресіне жетті. Жаңақорған ауданы- жеңімпаз. Жыл басынан бері өңірдің 4 мыңнан аса тұрғыны банкке сенім артып, баспаналы болу үшін қаржы құйған.    

Елге игілігі мол қаржы ұйымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Отбасы банкі» деп атауын өзгертті. Себепсіз емес, банк осы күнге дейін тұрғын үй тауқыметін көріп келген мыңдаған отбасыға бақыт сыйлады. Енді қаржы ұйымының салымшылары қатарында ауыл халқының үлесі артып келеді. «Жинақ марафоны» байқауында Жаңақорған ауданының жеңімпаз атануы - соның дәлелі. 

Әділжан Сәулебаев, «Отбасы банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры:  
-Осы жинақ марафонында жеңімпаз ретінде Жаңақорған ауданы танылды. Себебі, 2020 жылдың өзінде 4 мыңнан аса салымшылар, осы тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болып, ай сайын өздерінің шоттарына ақша жинау бойынша, тиісті қаржысын салып отырған. 

Биыл аудан бойынша тиісті қаржысын жинаған 36 адам банк ұсынған бағдарламалар арқылы облыс орталығынан үй алды. Алдағы уақытта да ауылдағы ағайынның қуанышы еселене түспек. Себебі, ауданда баспаналы болуды мақсат еткендер көп.

Яхия Шорабаев, аудандық аурухананың бас дәрігері:  
-Кез келген отбасы берік болуы үшін өзінің баспанасы, яғни шаңырағы болуы керек. Біздің де мекемеміз 2018 жылдан бастап үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, осы екі жылдың ішінде біздің мекеме бойынша 181 салымшы ретінде қаржы құйып жатыр. 

Жалпы «Отбасы банктің» ресми өкілдері бүгінде облыстың 7 ауданы мен Байқоңыр қаласында тұрғындарға кеңес беріп, үйлі болудың тиімді жолдарын түсіндіріп келеді. Мәселен, биыл банкке сенім артқан 1200 адам қоныс тойын тойлады.

Әділбек Серікұлы 


Хабарламаларға жазылу