«Ауыл» партиясы бейпартиялық байқау орталығының жұмысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ауыл» партиясы бейпартиялық байқау орталығының жұмысымен танысты

22.12.2020

«Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы» өңірлік бақылаушылар желісін қалыптастырып, 20 мыңдай адамды оқытып жатыр. Бүгін орталық жетекшісі «Ауыл» партиясының өкілдерімен кездесіп, атқарылған жұмыстармен таныстырды. Бану Нұрғазиева бұл ұйымның ешбір партияға болыспай, науқанның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ететінін айтты. Өз кезегінде партия төрағасының бірінші орынбасары шақырту үшін алғыс білдіріп, партияның ұстанымдарына тоқталды.   

Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары: 
-Сайлаудың әділетті, ашық, заңның талабына сай өтуін біз де дұрыс деп есептейміз. Кеше ғана ҚР кәсіподақтар федерациясының штаб басшыларымен кездесіп, олармен біраз пікір алмастық.  

Сондай-ақ, Алматыда тәуелсіз қоғамдық байқаушылар штабы құрылды. Оған «Жастарға жол» қоғамдық қоры ұйытқы болды. Биыл аталған қордың құрылғанына бес жыл. Осы уақыт аралығында біз әділ және ашық қоғам құруға тікелей қатыса алатын дәрежеге жеттік дейді қор президенті Рафаэль Хасанов. Қазірдің өзінде штаб қатарында жүзден астам адам бар. Штаб әлі де саяси ұйымдармен байланысы жоқ, әділ және ашық қоғам құруға тікелей қатысуға ниетті еріктілерді шақырады.   

Ләйлә Дулатқызы


Хабарламаларға жазылу