Қазақстан суды үнемдеу үшін күріш егісінің көлемін азайтпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан суды үнемдеу үшін күріш егісінің көлемін азайтпақ

22.12.2020
Қазақстан суды үнемдеу үшін күріш егісінің көлемін азайтпақ

Сумен қамтамасыз етудің төмендеп бара жатқанын ескеріп, су алудың қолданыстағы лимиті аясында су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету керек. Үкімет отырысында Асқар Мамин осылай деді. Айтуынша, Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында ылғалды көп қажет ететін дақыл – күріш жоспардан артық егілген.

«Бұған жұмсалған елеулі су көлемін экономикалық тұрғыдан тиімдірек дақылдарды – көкөністер, жеміс-жидектер, рапс, соя өсіруге жұмсауға болар еді. Сондықтан әкімдіктер бекітілген егіс жоспарын қатаң ұстануы тиіс», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, көрші мемлекеттердің салалық ведомстволарымен шекарааралық өзендерді өзара тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев та қазірдің өзінде суды пайдалануды қысқарту бойынша шараларды жүзеге асыру қажет дейді. 

«Су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш егісін 29 мың гектарға, атап айтқанда Қызылорда (15 мың га), Алматы (10 мың га) және Түркістан (4 мың га) облыстарында азайту қажет. Бұл бір текше шақырым суды үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді министр.



Үкімет су мәселесі

Хабарламаларға жазылу