«Ауыл» партиясының өкілдері электротехникалық зауыттың қызметкерлерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ауыл» партиясының өкілдері электротехникалық зауыттың қызметкерлерімен кездесті

21.12.2020

Партиялардың халықпен кездесулері жалғасуда. Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткерлер өңірлерді аралап, жергілікті халықты алаңдатқан мәселелермен танысып жүр.  

Қазақстан халық партиясынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер Өскеменде фермерлермен және шаруалармен кездесті. Жиында елдің әлеуметтік жағдайы, бюджеттегі ашықтық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, колжетімді әрі сапалы білім, медициналық қызметпен халықты қамту, тұрғын үй мәселесін болдырмау түйткілдері де айтылып, шешілу жолдары талқыланды. 

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:
-Біздің партияның ерекшелігі әлеуметтік мемлекет құру. Халықтың мұң мұқтажына құлақ асатын, яғни социалистік мемлекет құру. Мықты ерекшелігі қарапайым халықтың жағдайын ескере отырып, экономиканы халыққа қызмет көрсетуге бетбұрыс бұру. Ең басты мәселеміз осы. 
Ирина Смирнова, Қазақстан халық партиясының мүшесі:  
-Қазақстан халық партиясы сайлауға нақты қадаммен, нақты жоспарлармен қатысамыз. Өйткені, халықтың жағдайын ойлайтын партиялардың бірден-бірі бізбіз деп сеніммен айта аламын. Біздің мемлекет Конституцияда көрсетілгендей шын мәнінде әлеуметтік болсын деп ойлаймыз. Әрбір адам мемлекеттің қолдауын көруі керек. Мемлекетке арқа сүйей алу керек, ананың, баланың жағдайы үнемі қамқорлықта болуы қажет. Әрбір адам жұмыспен қамтамасыз етілуі тиіс. Бюджет жасырын болмауы керек. Ал мемлекет тарапынан бөлінген қаражат ешбір шығынсыз, әрбір адамға пайда әкелетіндей өз саласына жұмсалуы керек. 

Кездесу соңында кәсіпкерлер ауылда бизнес жүргізуге кедергі басты мәселелерін нақтылап, ұсыныстарын хат ретінде жолдауға уағдаласты. Күллі жаһандық экономиканың дамуына кері әсер тигізген пандемия кезінде агроөнеркәсіп кешені саласының стратегиялық маңыздылығы айқындала түсті, дейді Қазақстан халық партиясындағылар. 

«Nur Otan»-ның Республикалық сайлауалды штабы Қызылорда облысына барды. Олар білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен, ауыл шаруашылық кәсіпорындарының ұжымымен, жастармен және басқа да азаматтармен жүздесіп, ұзын саны 15-ке жуық кездесу өткізді. 

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» Партиясы төрағасының бірінші орынбасары: 
-Сот органдары мен квазимемлекеттік секторда басшылықтағы әйелдердің үлесін 30%-ке дейін ұлғайтуды ниет етіп отырмыз. Сонымен қатар Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын құру, әйелдерді жеңілдетілген несиемен және гранттармен қамтамасыз ету секілді істер де жоспарланып жатыр.  

Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесуде елдегі демократияның өрістеуіне жол ашатын жауапты азаматтық қоғамды дамыту мәселелері көтеріліп, осы бағыттағы бірқатар ойлар ортаға салынды. Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы әзірленеді. Аталған құжатта ауыл әкімдерін тікелей сайлау, олардың сайлаушылар алдындағы есептілігі, «халық қатысатын» бюджетті ендіру, жергілікті салық пен төлемдер ставкаларын өзгерту құқығы, жергілікті өзін-өзі басқаруды азаматтық қадағалау және тағы да басқа мәселелер қамтылады. Жалпы, өңір халқымен кездесуде ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету, аграрлық саланы дамыту жайы да көтеріліп, жан-жақты талқыланды.  

Ауыл шаруашлығын дамыту үшін бәсекеге қабілетті заманауи техникалар құрастырылуы тиіс. Бүгін, «Ауыл» партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде ұсынылған Төлеутай Рақымбеков, Елордадағы электротехникалық зауыттың жұмысымен танысу кезінде осылай деді. Бұл кәсіпорынға партияның мүшелері кездейсоқ бармады. Себебі, тамыры терең тартқан өндіріс ошағы 1942-ші жылдары құрылып, содан бастап ауылшаруашылығы техникаларын шығарумен айналысқан. Кейін, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда тұралап қалады. Тек, 2009-шы жылы зауыт өзінің күре тамырына қан жүгіртіп, қайта түледі. Қазір мұнда ел экономикасының барлық салаларына қажетті электр жабдықтары құрастырылады. 160 адам нәпақасын осы жерден тауып жүр. Жұмысшылармен жүздескен партия өкілдері, олардың құқықтары туралы сөз қозғауды ұмытпады. Яғни, еңбекке жұмылдырылған әр азамат, жұмыс беруші тарапынан қысым көрмеуі тиіс. Табыс көлемі шеттетілмеу керек. Отбасы мүшелері, әсіресе балаларының жазғы демалысы ұйымдастырылуы жайлы ұсыныс білдіріп, өндірістік жарақаттың өтемі жайлы ауқымды әңгіме қаузады.  

Төлеутай Рақымбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:   
-Жалпыұлттық сауалнама өткізген. «Ел аманаты» деп. Соның ішінде көптеген ұсыныстар болды. Оның ішінде еңбекақы төлеуі, жұмыстың қауіпсіздігі, жұмыстың ұйымдастырылу жағдайы. Одан кейін әлеуметтік жағдайы. Ол ұсыныстар аманат ретінде өз мойнымызға жүктеп отырмыз. 

«Ақжолдықтар» партияның төл құрдастарымен кездесті. Қазақстанның демократиялық партиясы осыдан 18 жыл бұрын құрылған еді. Ал, сол уақытта дүниеге келгендер биыл кәмелетке толып, алғаш рет сайлауға қатысуға мүмкіндік алды. Осы тұрғыда Азат Перуашев бастаған арнайы топ елордадағы жастармен жолығып, сайлаудың мәні мен маңызын түсіндірді.  

Берекехан Ілиясов, IT-компания қызметкері:  
-Қазір көп студенттер шетелге кетіп жатыр. Мен айтқым келеді өз қатарластырыма осы Қазақстанда да болашақ бар. Қазақстанда да көтерілуіге болады. Осы Қазақстанды дамытқан дұрыс деп ойлаймын.  
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:  
-Мен өкінетін бір нәрсе бар. Жыл сайын 34-35 мың жастарымыз шетелге оқуға кетеді. Сосын ең дарынды, ең білімді балалар, ол жерде өздерін көрсеткеннен, өз қабілеттерін дәлелдегеннен кейін көбісі сонда қалады. Біз үшін бұл ұлттық проблема. Біз жастарға өз елімізде мүмкіндік беруіміз керек.   

Жастар үшін елімізде өмір сүру және жұмыс істеу мүмкіндігі шетелден де тартымды болу керек. Оған әлеуетіміз жеткілікті дейді «Ақ жол» партиясының жетекшісі. Азат Перуашев ТМД Парламентаралық Ассамблеясы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өкілдерімен де кездесіп, алдағы сайлауға қатысты мәселелерді талқылады.

«Адал» партиясының өкілдері Қызылорда облысындағы кейбір кездесулерді ауа райының қолайсыздығына байланысты онлайн форматта өткізді. Оған бірнеше ауданның халқы қатысты. Өздерін алаңдатқан өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттыққа үміткерлерге тікелей айтуға мүмкіндік алды. Мәселен, Арал ауданының тұрғындары субсидияларды уақытылы беру, балық шаруашылығын қолдауға қатысты талап-тілектерін жеткізді. Ал өзге елді мекендерде тұратын азаматтардың ұсыныстары мен шағымдары негізінен жер беру, газдандыру, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын қолдау, инфрақұрылымды жақсартуға қатысты болды.  

Ғалымбек Жақсылықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:  
-Ауыл, аудан тұрғындарымен кездесу барысында көтеріліп жатқан мәселесінің көбі белгілі. Білім, медицина саласына қатысты мәселелер көтеріліп жатыр. Халықтың саны көбейіп барады, сондықтан амбулатория емес емхана керек деген сияқты. Спорт кешендерінің жетіспеушілігі жөнінде айтылып жатыр. Жолға қатысты мәселелер көтерілуде.  

Ал Өскеменде партия атынан Мәжіліс депутаттығына ұсынылып отырған үміткерлер облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлермен кездесті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттар талқыланды. Бұдан бөлек, дәл қазір облыс үшін өзекті болып отырған экология мәселесі көтерілді. Айта кетейік, партияның сайтында бұл мәселені өңірдегі ең маңызды деп 8 мыңнан астам отбасы белгілепті. Сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамту, жол сапасы және инфрақұрылымды жақсарту сияқты әлеуметтік сұрақтар да кездесуде айтылды.  


партия сайлау

Хабарламаларға жазылу