Заңсыз ағаш кескендерге жаза күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заңсыз ағаш кескендерге жаза күшейтілді

21.12.2020

Елімізде заңсыз ағаш кескендерге салынатын айыппұл 5 есе өсіп, ең жоғары сома 4,5 млн теңгеге жуықтады. Сенаторлар жаңа Экологиялық кодексті екінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, енді қоршаған ортаға зиян келтірген ірі кәсіпорындар оны қалпына келтіруге міндеттелді. Сонымен қатар, 50 ірі кәсіпорынға ең озық қолжетімді технологиялар енгізу көзделіп отыр.  

Экологиялық заңнаманы бұзғандарға жаза күшейетін болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әсіресе ағаш кескендерге қатаң шара қолданылады. Әкімшілік айыппұл 5 есе артты. Заң бұзушылық қайталанса немесе ерекше қорғалатын табиғи аумаққа зияны тисе жаза мүлде қатаңдай түседі.  

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: 
-Ірі кәсіпорындарға 1500 АЕК дейін айыппұл салынады. 1500 АЕК дегеніміз – 4 млн 375 мың теңге көлеміндегі айыппұл. Егер келтірілген шығын 100 АЕК-тен асып кетсе, онда заң бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.  

Бұдан бөлек, заң бұзушының мүлкі тәркіленіп, қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Сенаторлар экологиялық заң бұзушылықтарға шектеулерді қатаңдатуды мақұлдады. Эмиссиялар үшін әкімшілік санкциялардың мөлшері 10 есе, ал қалған құқық бұзушылықтар бойынша орта есеппен 2 есе ұлғайды. Сонымен қатар, кәсіпорындарға озық технологиялар енгізу жоспарланған.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: 
-Бірінші кезекте мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларындағы 50 ірі кәсіпорынды ең озық технологияларға ауыстыру жоспарланған. Айта кетерлігі, осы 50 кәсіпорынға жалпы ластанудың 80 пайызы тиесілі.  

Бұл ретте жауапты ведомство алдыңғы қатарлы шет мемлекеттердің тәжірибесін ескеріп отырған көрінеді. Кешенді шара 2025 жылы қолға алынады. Оны жүзеге асыру үшін тағы 10 жыл уақыт беріледі. 

Әбдәлі Нұрәлиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
-Сол 10 жылда оларға эмиссиялық төлемдер тоқтатылады. Ал енгізбеген кәсіпорындарда эмиссиялық төлемдер әр 3 жыл сайын 2 есе көтеріліп отырады.  

Қазір елімізде жылына жиналатын 5 млн тоннадай қоқыстың 15 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Сондықтан бұл бағытта атқарылар жұмыс көп.

Дарын Сағитов, тілші: 
-Министрлік алдағы уақытта 6 қанатқақты жобаны қолға алмақшы. Сәтті жүрсе бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткіземіз, - дейді ведомство басшысы. Тағы бір жаңашылдық – енді қоқыс шығаратын көліктерге GPS-қондырғы орнатылатын болды. 

Дарын Сағитов  


Экологиялық кодекс ағаш

Хабарламаларға жазылу