Еуропа елдері карантинді күшейтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдері карантинді күшейтуде

21.12.2020

Еуропада коронавирус қайта өршіді. Індеттің таралуына тосқауыл қою үшін қарт құрлық елдері сақтық шараларын күшейтіп жатыр. Ұлыбританияда ковид мутацияға ұшырағандықтан елдің Оңтүстік Шығысы мен Лондонда шектеулер енгізілуде. Соңғы ахуалды қарт құрлықтан байланысқа шыққан Нұрсұлу Қасым айтады.  

Нұрсұлу Қасым, тілші: 
-Мутацияға ұшыраған ковид британдықтардан бөлек Дания, Нидерланд, Бельгия азаматтарынан да анықталды. Әрі қарай таралуына тосқауыл қою үшін Ирландия, Италия, Германия, Нидерланд пен Бельгия Ұлыбританиямен арадағы әуе, темір жол қатынасын тоқтатты. Өзге елдерді де осындай шешім қабылдауға шақырып жатыр. Себебі, британдық дәрігерлердің пайымынша, вирустың бұл түрі өте жұқпалы, әрі жылдам тарайды. Бірақ, оның адам өміріне қаншалықты қауіпті екенін әзірге ешкім дөп басып айта алмай отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері Еуропалық Одақ елдерінің басшыларына сақтық шараларын күшейтуді жүктеді. 
Мерекеге 2-10 адамнан артық жиналуға болмайды. Кешкі 22.00-ден таңғы сағат 5-ке дейін коммендантық сағат сақталады. Онан бөлек бірқатар елдерде, мәселен Италияда 24-желтоқсаннан 6-қаңтарға дейін жалпыұлттық локдаун жарияланбақ. Испания, Австрия, Словакия тұрғындарына да үйден себепсіз шығуға рұқсат жоқ. Еуропа мемлекеттерінің басшылары жаңа жылдық мерекелерде халық карантинге бағынбаса онда үшінші толқынға тап боламыз деп дабыл қағуда.  

Нұрсұлу Қасым  


Еуропа карантин

Хабарламаларға жазылу