«Тұғыры биік – Тәуелсіздік!». Бүгін Шығыс Қазақстанның Абай атындағы гуманитарлық колледжі осындай атаумен ашық онлайн тәрбие сағатын өткізді. Шараның басты мақсаты - жастардың өз тарихымызға деген ұлттық көзқарасын қалыптастыру, елін, жерін құрметтейтін отансүйгіш, білімді ұрпақ тәрбиелеу.
Тәуелсіздік мерекесіне орай онкүндік өткізу – бұл колледжде бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Биыл студенттер қашықтан білім алып жатса да, тәуелсіздік тақырыбына бейнероликтер әзірлеп, виртуалды викторина ұйымдастырған. Ал онлайн тәрбие сағатында жастар елдің еркіндігі туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Төл туындыларын да оқыды.
Бүгінде Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде бір мыңнан астам студент бар. Қашықтан оқу басталған кезде ата-ана қамқорынсыз қалған және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға колледждің компьютерлері таратылды. Интернеті жоқ ауылда тұратын студенттерге жатақханадан орын берілген. Соның арқасында онлайн тәрбие сағатына студенттер түгел қатысты.
Ашық онлайн тәрбие сағаты колледждің әлеуметтік желілердегі парақшаларында тікелей эфирде де көрсетілді.
Берік Көшербай