АҚШ және Ресей Президенттері қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ және Ресей Президенттері қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

15.12.2020

Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхатын жолдады. Жеделхатта Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты және барша халқымызды ел тәуелсіздігінің 29 жылдығымен шын жүректен құттықтай отырып, Қазақстанның Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және өркендеу жолында отыз жылға жуық уақыт көш бастап келе жатқанын Президентпен бірге атап өтуге қуанышты екенін жеткізген.

«Биыл бұған дейін бұрын-соңды болмаған жаһандық сынақтарды алдымызға тосты. Бірақ біздің серіктестігіміз бұл сынаққа төтеп берді. Кеңейтілген стратегиялық серіктестігіміздің шеңберінде біз COVID-19 пандемиясымен күрестегі ынтымақтастығымыздың барлық бағыттарында оң нәтижеге қол жеткіздік. Америка халқының атынан Қазақстан халқына алдағы жылы денсаулық пен бақ-береке тілеймін», – делінген АҚШ Президентінің жеделхатында.

Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің құттықтау жеделхаты да келіп түсті. Владимир Путин өзінің құттықтауында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық даму ісінде зор табысқа қол жеткізгенін, әлемдік аренада үлкен беделге ие екенін, халықаралық өзекті проблемаларды шешуде маңызды әрі конструктивті рөл атқаратынын атап өткен. 

«Мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар табысты дамып келе жатқаны қуантады. Біз күш біріктіре отырып, барлық екіжақты байланыстарды, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйым, ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастықты одан әрі нығайтатынымызға сенімдімін. Мұның бауырлас халықтарымыздың мүдделеріне жауап беретіні сөзсіз. Сондай-ақ еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолымен келе жатқанымызды білдіреді. Өзіңізге зор денсаулық пен табыс, ал барлық достас Қазақстан азаматтарына шын жүректен бақ-береке тілеймін», – делінген Ресей Президентінің жеделхатында.

Шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары әлі де келіп жатыр. Олардың қатарында Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Рим Папасы Франциск, Австрияның Президенті Александр Ван дер Беллен бар. Сонымен қатар, Нидерланд Королі, Канаданың Генерал-губернаторы, Малайзияның Премьер-Министрі, Тайландтың Премьер-Министрі, Австралия Генерал-губернаторы, Никарагуа Президенті де жеделхат жолдады. 

Асима Нұрбайқызы

Тәуелсіздік күні

Хабарламаларға жазылу