Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. «Егемендікке қол жеткізіп, оны дүниеге паш ету бір бөлек, оны сақтап қалу одан да зор міндет екенін еске салды. Біз байтақ даланың заңды мұрагеріміз. Бұл – ата-бабамыздың аманаты. Осыны ешқашан ұмытпау керек», - деді Тұңғыш Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:Бұрынғы Кеңес одағы құлаған тұста дүниедегі ең үлкен экономикалық дағдарысты артқа тастап, қазіргі жаһандық пандемияны да еңсеріп отырмыз. Басымызға түскен сынақтар бізді шыңдап, рухымызды күшейтіп, жігерімізді арттырды, ортақ мақсатқа жұмылуымызға түрткі болды. Қазақстанның даму мен өркендеу жолында үнемі алға басуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, берік негіз қалыптастырдық.
Әр елдің ең ұлы, ең қастерлі мерекесі бар. Біз үшін ол – Тәуелсіздік күні. Бүгін біз сол тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басып отырмыз. Бұл – жұртымыз үшін мерейлі белес, зор қуаныш. Егемен еліміздің жаңа дәуірі, жарқын жетістіктеріміздің жаңа кезеңі басталды деген сөз. Біздің бағындырар белесіміз бен шығар шыңымыз әлі алда! Баршаңызды сол мақсаттарға қол жеткізіп, Қазақстанды өркениетті отыз елдің қатарына қосу үшін аянбай қызмет етуге шақырамын.
Асима Нұрбайқызы