Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің онлайн отырысына Қазақстаннан екі лауазымды тұлға - Президент Қ. Тоқаев пен Тұңғыш Президент, осы кеңестің құрметті төрағасы Н.Назарбаев қатысты.
Толығырақ Альбина Әшім әңгімелейді.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М.Құл-Мұхаммедтің өзінің сөзімен айтқанда: бұрынғы комсомол серкесі, жалынды парторг, атышулы КГБ председателінің көмекшісі, Ұлы Отан соғысы басталуынан екі жыл бұрын Риббентроппен құпия пактіге қол қойған Молотовтың немересі Вячеслав Никоновтың Ресейдің федералды телеарналарының бірінде айтқанына жауабын бермей кете алмаймыз.
«Арандату мәлімдемесіне мән бермеуге болушы еді, бірақ ол Мемлекеттік Думаның білім және ғылым жөніндегі комитеті төрағасының аузынан шықты. Никонов «Қазақстан болған емес, солтүстігінде тіпті тұрмаған. Олар оңтүстігіне қарай өмір сүрген. Және тиісінше, Қазақстан территориясы – Ресей мен Совет Одағының сыйлығы» деген.
Бұл не: қоқан-лоқы көрсету бишаралығы, саяси инфантилизм немесе халықтар мен мемлекеттердің арасына әдейі сына қағу ма?» - деді сенатор. Мұнан соң көрші мемлекеттің тарихынан түк білмейтін/мүмкін жорта сөйтетін – Дума депутатына қазақ тарихынан қысқа да болса, нұсқа ағартушылық бағыттағы информация береді.
Айта кететіні, Никоновтың пікіріне байланысты Ресейдің біздің мемлекетіміздегі уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты еліміздің СІМ-гі шақыртып, нота тапсырды .