Елбасы «Jas Otan» жастар қанатының V съезіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы «Jas Otan» жастар қанатының V съезіне қатысты

11.12.2020

Елбасы «Jas Otan» жастар қанатының V съезіне қатысты. Тұңғыш Президент «Jas Otan»-ның 20 жылдық мерейтойымен және келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, Елбасы жастарға өсиет айтты.  

Әлем ғылыми-техникалық жетістіктердің екпінімен жедел өзгеріп жатыр. Бәсекелестіктің бәсі қызған шақта жас буынның белсенділігі аса қажет. Өйткені, жастар – ел ертеңі. Қоғамның қозғаушы күші де осы буын.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
 – Мен бүгінгі таңда күллі қазақстандықтар мақтан тұтатын табыстарымызға жету қаншалықты қиын болғанын жақсы білемін. Өскелең ұрпақ қолда барды қадірлеуге, Отанымыздың әрі қарай өркендеуін ойластыруға, өз елін мақтаныш етуге тиіс. Жастар мүддесі әрдайым менің басты назарымда.  

Ойлары озық, рухы еркін жастар еліміздің әр өңірінен сөз сөйлеп, ойларын жеткізді.  

Амалбек Өміртай, Түркістан облысы жастар ресурстық орталығының жетекшісі: 
-Биыл Мақтаарал ауданында болған апат кезінде түркістандық жастар бірліктің бірегей үлгісін көрсетіп, апаттың алғашқы күндерінен-ақ «Біргеміз, Мақтаарал!» ерікті жастар штабын құрып, күн демей, түн демей, ел басына түскен қиындықты бірге жеңуге аянбай еңбек етті. Мызғымас ел бірлігіне, қоғам тұтастығына куә болдық. 500-ден астам волонтерлардың басы қосылған штабқа жетекшілік ету мен үшін үлкен өмірлік тәжірибе болды.  

Жастардың бір тобы табиғи апатта жанқиярлық танытса, тағы бірі пандемия кезінде алғы шептен табылды.   

Нұридін Тілеубек, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің студенті:  
-Вирустың өршіген кезінде мен достарыммен «Волонтерлардың жедел штабында» жұмыс істеп, қызыл аймаққа көмек көрсеттік. Қолымыздан келгенше науқастарға ем-дом жасадық. Түсінгенім, біз бірге болғанда ғана қиындықты жеңеміз.   

Елбасы қайырымдылық шараларына және волонтерлік қызметке белсене атсалысқан жастар қанатының мүшелеріне ризашылығын білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:  
 – Қазіргі кезде жігерлі әрі бастамашыл болудың маңызы ерекше. Өйткені біз тез өзгеріп жатқан әлемде өмір сүріп отырмыз. Көпшілікке таныс өмір салты артта қалғаны сөзсіз. Технологиялар мүмкіндіктеріміздің әлеуетін айтарлықтай арттыруда. 

Өркениет көшінен қалмау үшін мемлекет тарапынан жастарға қашанда қолдау ерек. Осы мақсатта тәуелсіздік жылдары елімізде нақты әрі тиімді әлеуметтік лифттер құрылды.  

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:  
– Менің бастамаммен ел үшін ең күрделі кезеңде іске қосылған «Болашақ» бағдарламасымен 15 мыңға жуық жас қазақстандық білім алды. Бес жыл бұрын Назарбаев университеті студенттерінің алғашқы легі түлеп ұшты. Осы жылдардың ішінде оқу орнында бес мыңға жуық маман даярланды. Мемлекет іске қосқан әлеуметтік лифттердің арқасында мыңдаған жас қазақстандық табысқа жетті. 

Елді дамыту бағыты мен тәуелсіздікті нығайту ісінде жастардың белсенділігі аса маңызды.  

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:  
– Ел ертеңі мен ұлт тағдыры жастарға тікелей байланысты. Қазіргі ұрпақ заман талабына сай дамып отыруы керек. Бүгін айтылғандардың бәрін менің өсиетім деп түсініңдер.   

Асима Нұрбайқызы


Елбасы Jas Otan съез

Хабарламаларға жазылу