Аңызға айналған Түрксібке - 90 жыл. Осыдан 90 жыл бұрын пайдалануға берілген құрылыс бүгінге дейін қазақ еліне қызмет етіп, аса маңызды көлік қатынасына айналып отыр. Осыған орай, Қазақстан темір жолында халықаралық онлайн-конференция өтті. Шараға теміржол әкімшіліктерінің басшылары, көліктік ғылыми-зерттеу институттары өкілдері және сала ардагерлері қатысты.
90 жыл бұрын салынған Түркістан-Сібір магистралы Қазақстанның дархан даласы үшін жаңа өмірдің бастауы болды. 1,5 мың шақырымға жуық магистральдың пайдалануға енгізілуі ел экономикасының қарқынды дамуына, қалалар мен өндірістік нысандардың салынуына ықпал етті.
Берік Айтбеков, «Қазақстан темір жолы» ҰК орталық аппараты ардагерлер ұжымының төрағасы, ардагер теміржолшы:-Ол темір жолдың күрделі болу себебі – қазіргідей механикаландырылған жабдықтар болмады. 80 пайыз күрек, қайла, кетпенмен адамдар жұмыс істеді. Айдалада, қазіргідей коммуникация жоқ, соның бәрін 4 жылда бітіру – өте үлкен еңбек болды.
Болат магистральдың жаңа тарихы Түрксібтің лайықты жалғасы болды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда жаңадан ұзындығы 2,5 мың шақырымдық темір жолы салынды. Олар тек өңірлер арасындағы ішкі байланысты ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуеттін арттырды.
Қанат Әлмағамбетов, «Қазақстан темір жолы» ҰК төрағасының бірінші орынбасары: :-Осы темір жол болмағанда, көп жүктер айналып жүретін. Бағалар көбейетін. Енді Қазақстанымызға біраз қалалар ашылды, біраз ауылдар салынды. Қазіргі кезде жүктері көбейіп жатыр. Қытай, Ресей, Өзбекстан жағынан. Осы темір жол қазір де елдің игілігіне жұмыс істеуде.
Мерейтойлық жылдағы маңызды оқиға - Луговая станциясының Түрксіб болып өзгертілуі. Бұл бастама ел тарихы үшін маңызды жобаға қатысқан құрылысшылар мен теміржолшылардың еңбегін мәңгі есте сақтауға бағытталғаны сөзсіз. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақ даласына түрен салып Түрксібті көтерген ерлер есімін ұлықтап, тағлымды тарихына қашан да шолу жасау - біздің парызымыз.
Фариза Мұсақызы