Енді елімізде қос азаматтығы барлар жұмыстан шығарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді елімізде қос азаматтығы барлар жұмыстан шығарылады

10.12.2020

Енді елімізде қос азаматтығы бар мемлкеттік қызметкерлер жұмыстан босталады. Сенат депутаттар тиісті заң жобасын қабылдады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа жол бергендер квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айырылады.  

Жыл басынан бері елімізде қос азаматтығы бар 431 адам анықталған. Оның екеуі - мемлекеттік қызметкер. Олар Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жұмыс істеген. Бұл бағыттағы жұмыстар ТМД елдерінің құқық қорғау органдары арасындағы тиісті конвенция шеңберінде жүзеге асырылады.

Анар Жайылғанова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы: 
-Мемлекет басшысы квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа күрес бойынша қатаң шараларды қабылдаудың қажеттілігі туралы айтты. Аталған ұсыныстарды заңды түрде бекіту сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуді және квазимемлекеттік секторды қамтамасыз етеді.  

Сенат тағы бір маңызды құжатты қабылдады. Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы заңға сәйкес, бұдан былай парамен тұтқындалғандар мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыға алмайды.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
-Жобада мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар, сондай-ақ құқық қорғау органдары, саяси мемлекеттік қызметшілер мен судьялар жасаған қылмыстар ауыр қылмыстар санатына өтіп отыр.  

Елімізде мемлекеттік қызметкерлер мен Парламент депутаттарына және судьяларға шет елдерден шот ашуға немесе байлықтарын сақтауға тыйым салынды. Сенаторлар Үкімет туралы заңға да өзгерістер енгізіп, қабылдады. Сәйкесінше, енді министрліктерде жауапты хатшы болмайды. Ол міндетті ведомстводағы аппарат басшылары атқарады.  

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:  
-Бұл министрліктердің жұмысын оңтайландырып, министрлердің жауапкершілігін арттырады. Мемлекет басшысы айтқандай, негізгі жауапкершілік бір адамға, яғни Президент тағайындаған министрге жүктелуі тиіс.  

Сенатта құқық бұзатын шетелдіктердің мәселесі де қаралды. Енді елден шығару туралы сот шешімі шыққан азаматтардың жүріп-тұру еркіндігі алдын ала шектеледі. Заңға бағынбағандар мәжбүрлі түрде мемлекеттен шығарылады. Айта кетерлігі, соңғы 3 жылда Қазақстанда 4 мыңнан астам шетелдік қылмыс жасаған. 26 мыңға жуық азаматты елден шығару туралы шешім шыққан. Бірақ 2 мың адам оны орындамаған.  

Дарын Сағитов   


қос азаматтық жұмыс Сенат

Хабарламаларға жазылу