Алматыда кәсіпкерлікті қолдау орталығына 2 мың адам жүгінген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда кәсіпкерлікті қолдау орталығына 2 мың адам жүгінген

09.12.2020

Алматыда қалалық әкімдік тарапынан бизнес бастамаларға қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, бір ғана «Almaly» жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау орталығына соңғы 4 айда 2 мыңнан астам адам жүгінген. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін мекеме көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға қызмет көрсетуде. Орталықта тұрғылықты жеріне қарамастан, кез келген тұрғын кеңес ала алады.  

Алматылық Нұрзия Жұманбаева орталыққа келіп, көптен бері кірісе алмаған шаруаларын бір мезетте бітірді. Әр жерге шапқыламай, бастысы, алтын уақытын үнемдегенге риза.

Нұрзия Жұманбаева, көпбалалы ана: 
- Үйге кезекке тұрдым. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот аштырдым. Жүгірмей, бір мекеменің ішінде бүкіл керекті қызметтерімді алдым.   

Бұл мекемеде өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер «бір терезе» қағидатымен мемлекеттік қолдау, бизнесті жүргізу бойынша кеңес алуына мүмкіндігі бар. Орталықта «Атамекен» ҰКП, «Almaty Finance» мекемесі, Qoldau, «Іскер ана» бағдарламасымен «Бақытты отбасы» орталықтарының мамандары қызмет көрсетеді.

Бану Манапова, Алмалы ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы: 
-Осы орталықтың арқасында біз 2 мыңға жуық адамға көмек көрсеттік. Әлеуметтік аз қамтылған кісілерге кәсіпте бағыт-бағдар беріп, өз кәсібін ашып, ары қарай дамытып, өз жолын табуға көмектестік деп айта аламын.   

Тұрғындарды жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті қолдау - қалалық әкімдіктің басым бағыты. Әрі Алматыда бүкіл ел бизнесінің 4-тен бір бөлігі шоғырланған. Алып шаһарда әлі де өз кәсібін ашуға ниеттілер баршылық, дейді кәсіпкерлікті қолдау орталығының қызметкерлері.

Жазира Оразқызы


Алматы кәсіпкерлікті қолдау орталығы

Хабарламаларға жазылу