Қазақ-Қытай шекарасында кептеліс. Кеден бекетінен жүгін шығара алмаған кәсіпкерлер айлап кезек күтуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-Қытай шекарасында кептеліс. Кеден бекетінен жүгін шығара алмаған кәсіпкерлер айлап кезек күтуге мәжбүр

09.12.2020

Қазақстан-Қытай шекарасында бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісі азаяр емес. «Нұр жолы» кеден бекетінен жүгін шығара алмаған кәсіпкерлер «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойында айлап кезек күтуге мәжбүр.  

Кеденшілер Қытай жағы індетке байланысты шектеу қойған деп ақталса, жүргізушілердің өз айтар уәжі бар. Электронды кезек жылжымайды. Есесіне транзиттік көліктер кедергісіз кіріп шығуда.  

Қуаныш Қанатұлы, тілші: 
-Біз ұзынсонар кезектің басынан аяғына дейін көлікпен әдейі жүріп өттік. Кезектің ұзындығы шақырымнан асады. Бұл жерде қазір 500-ге жуық жүк көлігі тұр. Жүргізушілері бірнеше айдан бері үй көрмеген.  

Батыс Еуропа - Батыс Қытай тас жолының әуелгі мақсаты - Қытайдан шыққан тауарды 14 күнде Еуропа елдеріне жеткізу. Алайда жүк тасымалдаушылар 4 айға дейін кезекте тұруға мәжбүр. Олар шекара аспақ түгіл кеден бекеті аумағына кіре алар емес. Электрондық кезек жылжымайды. Жүргізушілердің айтуынша, басқа көліктер емін-еркін кіріп шығып жатыр.  

Байзақ Бейсебаев, көлік жүргізуші: 
-Бұл жерде тұрған жүргізушілер өз мүдделерін қорғағысы келеді. Тура осындай машиналар күнде кіреді, күнде осылар жүреді. Қалған машиналар тұр.  

Кептелісті реттеу мақсатында арнайы электронды кезек құрастырылған. Алайда бұл бағдарламаның кемшіліктері көп, дейді жиналғандар. Кезекке 8 мың көлік тіркеліп қойған.  

Бақытжан Мұхамеджанов, кәсіпкер: 
- Электронды кезекте ешкім ештеңе көрмейді.  

«Нұр жолы» кеден бекетіндегілер Қытай жағы қабылдаса, көліктерді кедергісіз өткізе береміз дейді. Бүгіннен бастап күніне 40 жүк көлігін өткіземіз деп сенім білдірді. 

Тұрсын Ермек, «Нұр жолы» кеден бекеті бастығының міндетін атқарушы: 
-Ең негізі Қытай Халық Республикасының көліктерінен біздің Қазақстан көліктеріне басымдық беріледі.  

Амалы таусылған жүргізушілер жолды жабуға бекініп отыр. Бірақ құзырлы орган өкілдері оларға өз құқықтарын түсіндіріп, заңсыз әрекетке бармауды ескертті.  

Қуаныш Қанатұлы  


Қазақстан-Қытай шекара көлік кептелісі

Хабарламаларға жазылу