Беделді көрінген кәсіптердің артынан жүгірмеу керек. Қоғамға қызмет етуге мүмкіндік беретін мамандықтарды таңдаған абзал. Сенат төрағасы «Zeren» республикалық жастарға білім беру жобасының жабылуында осылай деді. Мәулен Әшімбаев пандемиядан дұрыс қорытынды шығару маңызды екенін айтты. Індетпен күресте халық медицина қызметкерлеріне, автобус жүргізушілеріне, коммуналдық қызмет жұмысшыларына сүйенді. Мәулен Әшімбаев жастарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, желтоқсанда өткеннен өнеге алып, бабаларға тағзым етіп, егемендіктің қадірін зерделеу қажеттігін айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:-Жастардың ең басты миссиясы – елге қызмет ету, елді жаңа белестерге жеткізу. Елге қызмет ету деген билік тұтқасын ұстап, шенеунік болу деген сөз емес. Сіздер әрқайсыңыз өз салаларыңызда жетістікке жетіп, биіктен көрінсеңіздер – елдің дамуына қосылған ең үлкен үлес сол.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Zeren» жобасының қорытындылары туралы тарқатты. Жоба аясында екі жарым мыңға жуық жас түрлі сала бойынша оқыту платформаларына қатысып, білімдерін жетілдірді. Шарада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары марапатталды.
Нысаналы Ығыл