«Күлтегін» ескерткішінің бейнесі суреттелген 1000 теңгелік банкноттар айналымнан шыққан жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Күлтегін» ескерткішінің бейнесі суреттелген 1000 теңгелік банкноттар айналымнан шыққан жоқ

07.12.2020

«Күлтегін» ескерткішінің бейнесі суреттелген 1000 теңгелік банкноттарды кез-келген мекеме қабылдауы тиіс. Себебі, Ұлттық банк тарапынан оның айналымда жүру мерзімі шектелмеген. Егер кәсіпкерлер немесе сауда ұйымы өкілдері бұл банкноттан бас тартса айыппұл төлеуіне тура келеді.   

«Күлтегін» ескерткіші бейнеленген 1000 теңге банкноты 2013 жылы 20 млн дана тиражбен шыққан. Әлі күнге дейін айналымда жүрген ақшаны кей кәсіпкерлер қабылдаудан бас тартқан көрінеді. Тұрғындардың шағымын ескерген Ұлттық банк бизнес өкілдеріне ескерту жасады.

Сәкен Тажиев, ҚР ҰБ қолма қол ақша айналысы департаментінің бас маманы: 
-Егерде бұл банкноттан кәсіпкерлер бас тартса оларға құқық бұзушылық кодексінің 206-шы бабына сәйкес ескерту шарасы қолданылады. Бір жылдың ішінде осы жағдай қайталанса 5-25 АЕК айыппұл салынады.  

Төлем құралында тәуелсіздік монументі, «Күлтегін» ескерткіші, түрік жазбалары сияқты тарихи туындылар бейнеленген. Бұл банкнот 2014 жылы 90 ел қатысқан халықаралық байқауда «ең үздік банкнот» деп танылды. Жеті жылдан бері қолданыста жүрген ақша ескірсе қамықпаңыз, ауыстыруға да мүмкіндік бар.

Сәкен Тажиев, ҚР ҰБ қолма қол ақша айналысы департаментінің бас маманы: 
-Егер бұл «Күлтегін» ескерткіш банкоттарының тозығы жеткен үлгілері болса оны кез келген екінші деңгейлі банктерге немесе ұлттық банктеріне барып ауыстыруға болады.  

Егер сауда орындары немесе басқа да мекемелер дәл осы мың теңгелік банкнотты қабылдаудан бас тартса Ұлттық банктің аумақтық филиалдарына хабарласып, шағымыңызды жеткізуге болады. Әр аймақтағы бөлімдердің мекенжайы мен қосымша дереккөздер Ұлттық банктің сайтында көрсетілген.

Раушан Сайлауқызы


«Күлтегін» ескерткіші 1000 теңгелік банкнот Ұлттық банк

Хабарламаларға жазылу