Биыл оңтүстік облыстардан теріскейге 574 отбасы көшіп барды. 30-ға тарта шаңырақ Аққайың ауданына қоныстанған. Мемлекеттен қолдау ретінде әр адамға 90 мың теңгеден көтерме ақы төленіп, баспанамен қамтылды. Тұрғындардың барлығы дерлік жұмыспен қамтылды, ал ісін бастаймын дегендерге қайтарымсыз грант берілді.
Теріскейге тұрақтағандардардың бірі - Ыбырайымовтар әулеті. Жамбыл облысына қарасты Мерке ауданынан қоныс аударған отбасының қазір өз үйі, шаруашылығы бар. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 530 мың теңге көлемінде грант алып, қой өсіріп отыр. Алғашында баспанаға көңіл толмағанмен кейін тап тұйнақтай етіп жөндеп берді дейді.
Нұрлан Ибраимов, ауыл тұрғыны:
Мына үйлердің келген кезде шамалы кемшіліктері болды. Бірақ уақытында дұрыстады. Бүгінгі күнге барлығы дұрысталды. Пеш ауыстырылды.
Майраш Әлшібаева, ауыл тұрғыны:
Бізге бәрін жөндеп беріп жатыр. Ең бастысы, суымызды кіргізіп берді үйге. Жолымызды салып берді.
Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты - халқы тығыз орналасқан оңтүстіктен, жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға көш басын бұру. Бұл ең бастысы - ауылдық жерде жұмыссыздықты азайтты. Бір ғана Аққайың ауданына былтыр 52 отбасы көшіп келсе, биыл 27 жанұя қоныс аударып, 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Рүстем Елубаев, Аққайың ауданының әкімі:
Астраханка ауылында 7 үй салынды. Бүгінгі күні 7 отбасы тұрып жатыр. Жұмыспен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні суын өткізіп бердік. Енді ақаулықтарды мердігер компания жөндеп, өз қаражатымен жөндеп барлығын келтіріп жатыр. Бүгінгі күні үйлер жылы сапалары жақсы.
Жалпы, оңтүсіктен қоныс аударған ағайынға арнап биыл облыста 428 үй салынса, биыл 688 отбасы қоныс тойын тойлауы тиіс.
Сағындық Сәбитұлы