Кентауда радиациялық қауіпті зат бір жылдан бері қала орталығында жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кентауда радиациялық қауіпті зат бір жылдан бері қала орталығында жатыр

04.12.2020

Түркістан облысының Кентау қаласында табылған аса қауіпті радиациялық зат бір жылдан бері көшірлмей сол күйі шаһардың қақ ортасында жатыр. Экологтар жер астында жатқан белгісіз заттың радиациялық деңгейі табиғи фоннан үш мың есе артық дейді. Алайда, жергілікті билік көпқабатты үйлерге жақын орналасқан кеселді аумақты тек бетонмен көлегейлеп, қорғасынмен жапқан.   

Қоршаған ортаға аса қауіпті белгісіз зат экологиялық зерттеу жұмыстары кезінде табылған. Арнайы құрылғы оның дәл адам жүретін жолда жатқанын көрсеткен.  

Экологтар жергілікті билікке табылған заттың түбегейлі зерттеліп, адамдарға қаншалықты қауіпті екенін анықтау қажеттігін алға тартқан. Арада бір жыл өтсе де жағдай өзгерген жоқ.

Айнұр Ақбаева, тілші: 
- Радиациялық заттың жатқан жерінен небәрі 20 метр жерде көпқабатты үйлер орналасқан. Алайда тұрғындарға бұл жерде тұру қауіпті ма, жоқ па нақты ешкім айтпай отыр. Себебі радиациялық заттың адам денсаулығына зияндылығын анықтайтын арнайы сараптамалар әлі күнге жүргізілмеген. 

Қауіпті зат табылғалы жергілікті жұрт үрей құшағында. Онсыз да экологиялық ахуалы сын көтермейтін қалада енді радиация тарай бастағанын естіген жұрттың жергілікті билікке өпесі қара қазандай.

Керімбек Смағұлов, Кентау қаласының тұрғыны:  
- Подьезге кіріп өлшеді, доза үлкен екен деді. Содан шықты да бетонды өлшеді. Бетонның үстінде көрсетіп тұр деді. Радиацияның дозасы үлкен болса, індет келіп жатыр мысалыға. Қай жағын ойлайтынын білмейсің.  

Бірақ қалалық әкімдіктегілер қарап отырған жоқпыз деп ақталады.  

Бекайдар Әлімбеков, Кентау қаласы әкімінің орынбасары: 
- Бізде Қазақстанда бір-ақ мекеме бар. Ол Алматыдағы ядерлық физикалық институт. Олармен қазір келісімшарт жүргізіп жатырмыз. Олар жылдың аяғына дейін соны алып кетеді. Оның қаржысын біз бюджеттен қарап қойдық.  

Қаланың қақ ортасында жатқан улы затты тез арада көшірмесе, жұрт жағдай ушығып кете ме деп қорқады. Әтсе де жыл аяғына дейін санаулы күннің ішінде мәселенің шешілетініне көпшілік күмәнмен қарайды.

Айнұр Ақбаева 


Кентау радиация

Хабарламаларға жазылу