Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Дмитрий Козакты қабылдады. Кездесу барысында екі ел арасындағы әріптестіктің өзекті мәселелері талқыланды. Саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мен еуразиялық интеграцияға, жуырда өтетін Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына ерекше тоқталды. Мемлекеттер арасындағы өзара байланысты дамыту мен нығайту жөнінде келісім жасалды.
Сондай-ақ Президент Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Ол Мемлекет басшысына 11 айдағы ақша-несие саясатын жүзеге асыру мен әлемдік қаржы нарығының қазіргі ахуалы туралы баяндады. Зейнетақы активтерінің жағдайы туралы есеп беріп, мемлекеттік қарызды басқарудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасына бірқатар тапсырмалар берді.
Фариза Мұсақызы