Түркияда коменданттық сағат енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда коменданттық сағат енгізілді

03.12.2020

Түркияда коронавирус жұқтырғандар санының күрт артуына байланысты коменданттық сағат енгізілді. Енді күн сайын кешкі 21:00 бен таңғы 5:00 арасында көшеге шығуға болмайды. Ал сенбі-жексенбі күндері толықтай сыртқа шығуға тыйым салынды. Сондай-ақ, 20 жасқа дейінгі және 65 жастан асқан тұрғындардың қоғамдық көлікпен жүруіне де шектеу қойылды. Бұдан бөлек, балабақшалар мен даярлық сыныптары да жұмыстарын тоқтатты. Ал мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақыты сағат таңертеңгі 10:00 мен кешкі 16:00 арасы болып бекітілді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
Неке қию, жаназа сияқты рәсімдерге ең жақын туыстар, яғни 30 адам ғана қатыса алады. Бұдан бөлек, туған күн, жаңа жыл сияқты мерекелерді де топтасып тойлауға тыйым салынды. Әр өңірдің басшыларына аймақтағы эпидахуалға байланысты бұл шектеулерді қатаңдатуға мүмкіндік берілді. Дегенмен, азық-түлік дүкендері мен наубайханалар жұмыстарын тоқтатпайды.

Сондай-ақ, Түркияда желтоқсанның 11-нен бастап қытайдан алынған вакцинаны жаппай салу басталмақ. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, вакцина алдымен медицина қызметкерлеріне егіледі. Кейінірек жалпы халыққа да тегін салынбақ. Ал қазір еріктілерге сыналып жатқан жергілікті вакцина тек сәуір айында жаппай қолданысқа енгізілмек.

Айдос Әшімұлы

Түркия коронавирус

Хабарламаларға жазылу