Биыл Шығыс Қазақстанда «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 50-ден астам жоба жүзеге асып жатыр. Аталған бағдарлама аясында ауылдық жерлерде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жаңарып, әлеуметтік-мәдени нысандар салынуда.
Шығыс Қазақстан халқының 38 проценті ауыл-аймақта тұрады. Сондықтан, олар үшін «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының маңызы өте зор. Осы жоба аясында ауылды жердегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, әлеуметтік-мәдени нысандарды жаңалауға көп көңіл бөлінген.
Даниал Ахметов, облыс әкімі:-«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша жалпы құны 7,7 миллиард теңгенің 52 жобасы жүзеге асып жатыр. Біздің шекаралық аймақтағы 5 ауданды дамытудың кешенді жоспары осындай жақсы бағдарламаның жалғасы болып саналады. Тек осы бағдарлама аясында жаңадан салынған және қайта жөнделген әлеуметтік нысандардың саны 155-тен асады.
Өткен жылы Шығыс өңірінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының игілігін 4 тірек ауылы көрсе, биыл олардың саны 20-ға жетті. Жаңадан спорт, денсаулық сақтау және білім нысандары салынды. Жолдар жөнделді. Ауылға көңіл аударып, ақша бөлгеннің арқасында Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы ипподром да жаңа келбетке ие болды.
Сержан Омарбеков, Ақжар ауылының тұрғыны:-Ішіне жылуын, суын тартып, жарығын әкеліп, қол жуғышын орнатып, балаларға киім ауыстыратын бөлме жасалды.
«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасының игілігін көріп отырған елді мекендерде 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі пандемия кезінде бұл да өте маңызды болып тұр.
Берік Көшербай