Бүгін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті. Оның жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып сөз сөйледі. Видеоконференция форматында ұйымдастырылған жиынға саммитке мүше елдердің жетекшілері де қатысты. Тараптар халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасты. Биылғы басым бағыттардың іске асырылу жайын қорытындылап, алдағы жоспарларды нақтылады.
Таулы Қарабақтағы әскери қимылдар тоқтады. Оған себепші болған Ресей Президенті. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің бітімгершілік рөлін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Ресей тарапының белсенді қатысуымен қол жеткізілген келісім – дағдарыс кезінде қабылданған жалғыз әрі дұрыс шешім. Менің ойымша, аталған келісім өңірде ұзақ мерзімге бейбітшіліктің орнауына сеп болмақ. Бұл – шын мәнінде тарихи шешім.
Бүкіл әлемді алаңдатқан күрделі мәселе - коронавирус пандемиясы. Оның үстіне санкциялар соғысы мен түрлі шектеулерден әлемдік саясат ушыға түсті. Экстремизм мен терроризм, есірткі бизнесі, кибер қауіпсіздік, заңсыз миграциямен байланысты жаңа жаһандық сын-қатерлер мен тегеуріндердің күшейе түсуі алаңдаушылық тудыруда. Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілікті нығайту, барлық аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатындағы іс-қимылдардың нақты тетігі ретінде ұйымның рөлін айырықша атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы халықаралық саясаттағы елеулі фактордың бірі. Еуразия құрлығының басым бөлігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны қуантады. Біз бұрынғыдай бейбітшілікті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халқымыздың өсіп-өркендеуі үшін тиімді шешімдерді іздестіру жолында әріптестерімізбен одан әрі белсенді түрде өзара күш жұмылдыруға дайынбыз.
Саммит қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын және әділ әрі орнықты әлем құру жөнінде Саяси мәлімдеме қабылдады. Ұйымға төрағалық ету міндеті Ресейден Тәжікстанға өтті. Кеңестің келесі сессиясы 2021 жылы өтеді.
Асима Нұрбайқызы