Келесі жылы жылжымайтын мүлік кадастры іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келесі жылы жылжымайтын мүлік кадастры іске қосылады

02.12.2020

Жер теліміне құжат беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарту қажет. Бүгін Премьер-Министр Асқар Мамин осындай тапсырма берді. Үкіметте Агроөнеркәсіп кешені мен жер қатынастарын цифрландыру мәселесі қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі жер қатынастарын реттеу үшін келесі жылы арнайы кадастр іске қосылатынын жеткізді.  

Агроөнеркәсіп кешенінің еңбек өнімділігін 2,5 есе өсіріп, экспортты 70 пайызға арттыру – Сапархан Омаровтың ведомствасына жүктелген негізгі міндеттердің бір. Ауыл шаруашылығы министрі ол үшін саланы толықтай цифрландыру керек дейді. Бюрократия істі созбалаңға салып жібереді.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: 
-Ауыл шаруашылығын цифрландырудың негізгі міндеті – өнім өндіруге жұмсалатын шығындарды азайту, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Жалпы түсім 20 пайызға ұлғаяды. Еңбек өнімділігі 50 пайызға артады.  

Қазір бір ғана ветеринариялық паспортты алудың өзі шаруалар үшін машақаты көп жұмыс. Енді алдағы 5 жылда осындай істер толық автоматтандырылмақ. Жер телімдері де сандық жүйеге көшіріледі. Өйткені төрт облыста шаруашылыққа деп берілген 8 млн гектардан астам жер пайдаланылмай бос жатқаны анықталып отыр. Енді цифрландыру телімдерді тиімді игеруге мүмкіндік бермек.  

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:   
-Еліміздің АӨК цифрландыру өнім өндіруге жұмсалатын шығындарды азайтып, оны сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 100 млн гектардан астам жер 5 жылдың ішінде цифрландырудан өткізіледі. 

Ауыл шаруашылығы ғана емес, жер қатынастары саласы да цифрлық жүйеге көшіріліп жатыр. Бұл жер телімдерін бөлу, алу кезіндегі жемқорлықтың алдын алады дейді министр. Ол үшін келесі жылы бірыңғай кадастр іске қосылмақ. Қазір сайт сынықтан өтіп жатыр.  

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:  
-Жер учаскесін ашық кадастрлық карта арқылы онлайн түрде таңдауға болады. Өтініштен бастап бұйрық, әкімнің шешімдері, неше түрлі актілер мен келісімшарттар, барлық құжаттар электронды форматта рәсімделеді. Осы пилоттық жоба аясында қазіргі таңда Ақтөбе қаласында екі жер учаскесі аталған порталға салынған. 

Ал Үкімет басшысы жер учаскелерін рәсімдеудің ашықтығын қамтамасыз етіп, оларға құжат беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқартуға тапсырма берді. Әрі жауапты министрліктер цифрландыру ісін жалқастыру үшін тездетіп, жол картасын әзірлеуі керек.

Досжан Маратұлы 


2021 жыл жылжымайтын мүлік кадастр цифрландыру

Хабарламаларға жазылу