Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдің «сары аймаққа» өткені туралы әлеуметтік желілердегі парақшаларында хабарлады.
«Ортақ күш-жігеріміздің және ШҚО тұрғындарының жоғары жауапкершілігінің арқасында біз COVID-19 инфекциясының таралу деңгейін төмендете алдық. Бүгінде аймақта коронавирустың көбею коэффициенті бәсеңдеді. Қарашаның басымен салыстырғанда репродуктивті R саны 1,85-тен 0,84-ке дейін, ал төсек қорының қамтылу пайызы 31,1-ден 14,5-ке дейін төмендеді. Вирус жұқтырғандар саны 7 қарашада 353 адам болса, кеше 73 адам болды. Ең бастысы, облысымызда коронавирусты Оқшаулау орталығы арқылы вирустың жұқтыру тізбегін бақылау және тосқауыл қою жүйесі құрылды. 1 қарашадан бастап 584 медэпид топтар инфекцияның 3,5 мың ошағында байланыста болған 21 618 адаммен жұмыс жүргізді», - дейді облыс әкімі.
ШҚО-да COVID-19 инфекциясын уақытылы анықтап, емдеу үшін қолданыстағы 13 ПТР-зертханаға жергілікті бюджет есебінен қосымша 6 зертхана қосылған. Алдағы күндері тағы бір зертхана ашылмақ.
Даниал Ахметов 12 қарашадан бастап науқастардың келісімімен облыс ауруханаларында «Фавипиравир» препараты қолданылып жатқанын айтты. Осының нәтижесінде сырқаттан сауыққан азаматтар саны артқан.
«Осы және басқа да шаралардың арқасында біз коронавирустың «сары аймағына» өттік. Бұл, қолданыстағы шектеулерге бірқатар жеңілдіктер енгізуге мүмкіндік береді. Алайда әзірге қауіпті дерттен қорғайтын вакцина жоқ, сондықтан КВИ-ден ең сенімді қорғаныс – сақтық шаралары мен әлеуметтік қашықтық екенін ұмытпау керек. Біздің қазіргі басты міндетіміз – вирустың таралуына жол бермеу, медициналық мекемелердің тиімділігін арттыру және халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету. Өзіңіз бен жақыныңызға қорған болыңыз!», - деді ол.
Айта кеткен жөн, облыс аумағында 1 қарашадан бастап 166 топпен 1906 рейд жүргізіліп, 4426 нысан тексерілген. Оның 1055-інде бұзушылықтар анықталып, 48 млн теңгеге 735 айыппұл салынған.