«Бектас-Қоныс» кен орнында өрт шығып, үш жұмысшы қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бектас-Қоныс» кен орнында өрт шығып, үш жұмысшы қаза тапты

02.12.2020

Қызылорда облысындағы «Бектас-Қоныс» кен орнында өрт шығып, үш адам қаза тапты. Жұмысшыларға арналған контейнер тектес жатақхананың 1200 шаршы метр аумағы жанған. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің шатыры өртеніп, 200 тұрғын эвакуацияланды. Қуанышқа орай, адамдар аман.

«Бектас-Қоныс» кен орнында вахталық әдіспен жұмыс істеп жатқан 30 жұмысшы болған. Жалын түн ортасында тұтанған. Мұнайшылар қоныстанған 100 контейнердің 48-і отқа оранып, күлі қалған. Қазір бұл қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Әбдібек Жаназаров, облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы: 
ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша барлық тиісті сараптамалар тағайындалды.

Ал Ақтөбедегі 5 қабатты үйдегі өрттің аумағы 250 шаршы метрге жеткен. Оқиға орнына жедел жеткен 200 адамды қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Оның 50-і бала. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 67 адам және 15 техника жұмылдырылды. Тұрғындар уақытша жақын маңдағы студенттер жатақханасы мен моншаға орналастырылды. Жанған тек үйдің шатыры, алайда жоғарғы қабаттағы пәтерлер бүлінген. 

Дариға Исмағамбетова, Астана ауданының әкімі:
Әрбір пәтерге кіріп тексердік. Қазіргі таңда 5 пен 4-қабаттағы пәтерлердің кейбір жеріне су кеткен. Комиссия құрылды. Іс қозғалды. 

Өрттің шығуына сөнбей қалған темекі тұқылы не сіріңке себеп болған. Алайда, мамандар бұл алдын ала жасалған болжам деп отыр. Қазір арнайы зертхана мамандары оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. 

Әділбек Серікұлы, Жақсыбек Кемал

өрт Ақтөбе қызылорда

Хабарламаларға жазылу