Қазақстандықтар ЭЦҚ арқылы нотариаттық құжаттарды рәсімдей алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар ЭЦҚ арқылы нотариаттық құжаттарды рәсімдей алады

02.12.2020
Қазақстандықтар ЭЦҚ арқылы нотариаттық құжаттарды рәсімдей алады

Мәжіліс депутаттары «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. 

Заң жобасында нотариаттық қызметтің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін реттейтін ережелер қамтылған, атап айтқанда, нотариатты ұйымдастыру мен қызметінің негізгі қағидаттарының бірі нотариат құпиясы және оны сақтау міндетін бұзғаны үшін жауапкершілік толығырақ регламенттеледі. Сондай-ақ бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің жұмысын реттейтін нормалар қаралған. Заңға сәйкес, енді қазақстандықтар нотариаттық құжаттарды ЭЦҚ арқылы рәсімдей алады.

«Нотариустарға жазбаша мәмілелерді электронды нұсқада жасау құқығы беріледі. Яғни, тараптар мен нотариус электрондық цифрлық қолтаңбаны немесе цифрлық қолтаңба үшін графикалық планшетті пайдалана алады. Сонымен бірге нотариаттық іс-әрекеттер туралы қажетті ақпаратты интернет-ресурста орналастыру мәселелері реттеледі», - деп түсіндірді депутат Балайым Кесебаева.

Осы орайда Республикалық нотариаттық палатаның интернет-ресурстарында немесе бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйелердің сайтында орналастырылуы нотариаттық құпияны бұзу болып саналмайтын мәліметтердің түрлері нақтыланды.

Сонымен қатар заң жобасынан Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының тәртіптік жауапкершілік шараларын қолдануы туралы нормалар алып тасталды.


Мәжіліс заң Нотариус

Хабарламаларға жазылу