Мәжіліс жүргізуші куәлігі мен көліктің құжатын ұмытқан азаматтарға айыппұл салмау туралы заң жобасын мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс жүргізуші куәлігі мен көліктің құжатын ұмытқан азаматтарға айыппұл салмау туралы заң жобасын мақұлдады

02.12.2020
Мәжіліс жүргізуші куәлігі мен көліктің құжатын ұмытқан азаматтарға айыппұл салмау туралы заң жобасын мақұлдады

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында жүргізушілердің көлік құралына Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігі мен тіркеу құжаттарын өзімен бірге алып жүрмегені үшін әкімшілік жауапкершілігін алып тастау туралы берген тапсырмасын іске асыруға бағытталған. 

«Азаматтардан жүргізуші куәлігі мен техникалық құжатты өзімен бірге алып жүруін талап ету - бұл өткен ғасырдың еншісінде. Бүкіл әлем «цифрлық автобанмен» жүйткіп жүргенде, шетте қалуға болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені шешіп, заң жобасына өзгеріс енгізуді тапсырған еді», - деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.

Заң жобасына сәйкес, полицейлер жүргізуші мен олардың көлігіне қатысты құжаттарды қажет болған жағдайда жеке куәлік негізінде ішкі істер органдарының дерекқорына қосылу арқылы тексере алады. Тек бұл түзетулер шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды. 

«Заң жобасы неғұрлым тезірек күшіне енсе, соғұрлым осы құжаттарды үйде ұмытқан жүргізушілерге айыппұл салу азаяды. Бұл түзетулер полицейлер үшін де маңызды. Коронавирус пандемиясы байланыссыз қарым-қатынасты артыру қажеттігін түсіндірді. Банктер, ХҚКО цифрлық қызмет көрсету арналарына ауысып жатыр. Жол полицейлері де жүргізушімен қарым-қатынасты барынша шектеуі тиіс», - деді Нығматулин.
мәжіліс заң

Хабарламаларға жазылу