100 млн гектар жерді цифрландыру үшін 50 млрд теңге инвестиция қажет – Асқар Мамин

02.12.2020
100 млн гектар жерді цифрландыру үшін 50 млрд теңге инвестиция қажет – Асқар Мамин

Келесі жылы жер учаскелеріне рұқсат алу мерзімі 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарады.  

Бүгін Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешені мен жер қатынастарын цифрландыру мәселесі қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин жауапты органдарға жыл соңына дейін цифрландыруға көшу жөніндегі жол картасын әзірлеп, жер учаскелеріне рұқсат құжаттарын беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқартуды тапсырды.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды жаңа бағдарламасына сәйкес, біздің алдымызда агроөнеркәсіптегі еңбек өнімділігін 2,5 есе өсіріп, өнім экспортын екі есе ұлғайту міндеті тұр, экспортталатын өнімнің 70%-ы өңделген болуы керек.  Алға қойылған міндеттерге қол жеткізудегі басты құралдардың бірі – еліміздің агроөнеркәсіп кешенін толық цифрландыру, ол өнім өндіруге жұмсалатын шығындарды азайтуға, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Үкімет отырысында Премьер-министр. 

Егер агроөнеркәсіп кешені толық цифрланса, онда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласында жиналатын астық пен мал шаруашылығы өнімі 20% дейін артады, ал, фермерлердің шығыны15% қысқарады. Цифрландыру есебінен астық жинау жылына 25 млн тоннаға дейін ұлғаяды деген болжамдарын айтты Премьер. 

«Жалпы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 100 млн гектардан астам жер 5 жылдың ішінде цифрландырудан өтеді. Оған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 50 млрд теңге инвестиция қажет болады», - деді Мамин. 

Иағы бір маңызды мәселе – жер қатынастарын цифрландыруға тоқталған Асқар Мамин Үкімет Парламентке Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері жөніндегі заң жобасын енгізгенін хабарлады. Осы бағыттағы жұмыс толық нәтиже беруі үшін Премьер-министр бірнеше тапсырма берді. 

«Бірінші. Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне жылдың аяғына дейін Агроөнеркәсіп кешені мен жер қатынастарын одан әрі цифрландыру жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырамын.  

Байланыс қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасына аса назар аудару қажет, себебі онсыз заманауи цифрлық технологияларды пайдалану мүмкін емес.

Екінші. Биылғы жылы жерлерді ғарыштан мониторингтеу бойынша пилоттық жоба басталды. 2021 жылдың аяғына дейін бүкіл республикаға 100% тарату үшін бұл жұмысты келесі жылы да жалғастыру қажет.
Үшінші. Цифрлық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктер келесі жылы жер қатынастарын цифрландыру, жер учаскелерін есепке алу мен ресімдеу процесінің ашықтығын арттыру, жер учаскелеріне рұқсат құжаттарын беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарту жұмыстарын аяқтасын», - деді Премьер.


Үкімет Премьер-министр цифрландыру

Хабарламаларға жазылу