Елордадағы бір ғасырлық тарихы бар колледж басқа оқу орнымен қосылуға қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы бір ғасырлық тарихы бар колледж басқа оқу орнымен қосылуға қарсы

30.11.2020

Ғасырға жуық тарихы бар елордадағы жалғыз гуманитарлық колледж басқа оқу ордасының құрамына кіргізілмек. Бұған ұжым қарсы. Бірақ олардың ойлары ескерілмей, сырттарынан шешіп қойған.  

Ардагер педагог Алтынай Ермекбаева аң-таң. Колледждерді біріктіру туралы шешімді ұжыммен санаспай қабылдағанына түсінбейді. Ал, ұжым болса, оқу ордасы директоры мен орынбасарларының жұмыстан шығарылғанын айтады. Бірақ бұрынғы басшылар әлі қызметте. Ақысыз. Тағы бір кілтипан. Ғасырға жуық тарихы бар білім ұйымын «қоғамдық тамақтандыру және сервис» колледжіне қоспақ. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айтқан ұстаздар «гуманитарлық колледждің» мәртебесін сақтап қалуды талап етіп отыр.

Шолпан Жиенбаева, гуманитарлық колледждің сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі:  
-Анықтама алу, дубликат дипломдар алу соған байланысты әр түрлі кикілжіңдер пайда болды. Себебі гум колледждің студенттеріне басқа колледждің мөрі қойылады деген сияқты.  

Ұстаздар колледждің мәртебесін талап етіп жүргенде тағдыры әлдеқашан шешіліп қойған. Ал біріккен оқу ордалары Астана халықаралық университетіне сенімгерлік басқаруға беріледі. Бұл жоба былтырдан бастап іске асқан. Яғни әкімдіктің меншігінен жекеге өтеді деген сөз. Әйтсе де ұжымның әлеуеті әлсіремейді,-дейді ректор. 

Серік Ирсалиев, Астана халықаралық университетінің президенті: 
-Мен еңбек шартының бүге-шүгесіне дейін қарап шығуға, кеңесуге дайынмын. Сіздің барлық ұсыныстарыңыз ескеріледі. Емге берілетін ақша, жалақы, жұмыс тәртібі, негізгі міндеттеріңіз бәрі бұрынғыдай болады.  

Жобаға сай аталған оқу ордасынан университет жанындағы «колледж-институт» педагогикалық кешенін құру көзделіп отыр.  

Алтынай Зарлыққызы, қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы: 
-Гуманитарлық колледж өз жұмысын университет жанындағы колледж ретінде жалғастырады. Бұл өз кезегінде үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету, бюджеттік оңтайландыру және білім саласына жекеменшік серіктестерді, яғни инвестиция тарту мақсатында жасалынып отыр. 

Елордадағы мектептер мен балалбақшалардағы мамандардың дені осы жерден білім алып шыққан түлектер. Сондықтан ұжым педагог даярлаудағы тәжірибе үзіледі деп Президентке дейін үндеу жасап үлгерген.  

Нысаналы Ығыл 


Елорда гуманитарлық колледж

Хабарламаларға жазылу