Елімізде 1700 мектепте бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 1700 мектепте бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес

30.11.2020

Елімізде 1700 мектепте бейнекамералар талапқа сай емес. Тіпті бақылау жүйесі мүлде жоқ білім ошақтары да бар. Техникалық көрсеткіштері талапқа сай келмейтін құрылғыларды пайдаланып отырған мектептер арасында Алматы қаласы көш бастап тұр. Аймақтар арасында Түркістан, Алматы және Қостанай облыстары алғашқы үштікте. Жауапты ведомство басшысы бұл мәселені оқушылар қашықтан оқып жатқан кезде шұғыл шешуді тапсырған.  

Алматыда 200-ден астам мектепте түгел камералар бар. Бірақ, сапасы сын көтермейді. Мәселен, №36гимназиядағы құрылғылар ғимараттың іші-сыртын бақылайды. Алайда, алыстан түсіре алмайды әрі, жазбаны 2 аптадан артық сақтамайды. 

Ақмарал Ақсерікова, №36 гимназияның директоры:  
-Бұл камералар аналогтық камералар. Архиві ұзақ мерзімге емес. Бұл камералар әрине түнгі уақытта түсіреді, бірақ адамның бет-пішінін анықтау функциясы, қызметі жоқ.  

Ішкі істер министрлігі тарапынан бейнебақылау камераларына қойылатын 12 талап бар. Барлығы сандық жүйеге негізделген. Мысалы, ғимарат электр қуатынан ажырағанда жүйе 1 сағат бойы жұмыс істеп, жазба кем дегенде 1 ай сақталуы тиіс. Мұндай мүмкіндік қазір жоқ. Олқылықтардың орнын толтыру үшін жергілікті әкімдіктерге нақты тапсырма берілген.  

Гүлзат Көбенова, Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы:  
-Бұл мәселе – өте маңызды. Сондықтан, мемлекет тарапынан да, жергілікті атқарушы орган тарапынан да балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.  

Сандық жүйенің бір ерекшелігі - білім ошағы жедел басқару орталығымен байланыста болады. Оқыс оқиға кезінде дыбыстық дабыл береді. Камера адамның бет-бейнесін және көлік нөмірін айқын көрсетеді. Цифрландыруға бет алған тұста елімізде бейнебақылау жүйесі мүлде жоқ мектептер де бар. Заманауи құрылғыдан құр қалғандар арасында Батыс Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстары көш бастап тұр.

Бейнебақылау жүйесімен қамтылмаған білім ошақтары:

БҚО – 27 мектеп ;
Түркістан облысы – 34 мектеп; 
Ақтөбе облысы – 6 мектеп ;
СҚО – 2 мектеп ;
Алматы облысы – 2 мектеп ;

Қазір тиісті жұмыстар қолға алынды. Облыс басшыларына тапсырма да берілген. Айта кетерлігі, камераларды орнату жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Жеке меншік мектепті құрылтайшылар қаржыландырады.

Дарын Сағитов, тілші: 
-Бақылау жүйесімен қоса, мектептердегі әжетхана мәселесі де аз айтылып жүрген жоқ. Қазір 244 білім ошағында бұл нысандар далада тұр. Дегенмен, 200-ге жуығы оны ішке көшіру жұмыстарын қолға алыпты. Оның жартысы биыл аяқталуы тиіс.  

Дарын Сағитов 


мектеп бейнебақылау жүйесі камера

Хабарламаларға жазылу