Елбасының қатысуымен ядролық қарудан бас тартуға арналған халықаралық конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының қатысуымен ядролық қарудан бас тартуға арналған халықаралық конференция өтті

30.11.2020

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемді ядролық қарудан азат етуге не кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді. Тұңғыш Президент күні қарсаңында елордада халықаралық қауіпсіздік және жаһандық ядролық диалогты қайта бастау мәселелері бойынша халықаралық онлайн конференция өтті. Оған ондаған елдің беделді сарапшылары мен экс-президенттері қатысты.  

Ядролық қарудан бас тартуға арналған халықаралық конференцияның Тұңғыш Президент күні қарсаңында өтуі бекер емес. Нұрсұлтан Назарбаев - бейбіт өмірдің жаршысы. Сондықтан алғаш болып сөз алған Елбасы, Семей полигоны мен оның зардабы жайлы айтты. 40 жыл болған жарылыстан 1,5 млн адам зардап шекті. Тіпті әлі бірнеше ұрпаққа радиацияның әсері болуы мүмкін.  

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті:  
-Менің жарлығыммен Семей полигоны 1991 жылы 29-тамызда жабылды. Тарих – бұл қадамның дұрыстығын дәлелдеді. Біз өзіміздің батыл үлгімізбен әлем елдеріне прогресс пен өркендеу жолында бейбітшілікті ту етуге болатынын көрсеттік.  

Бірақ әлі де отпен ойнап отырғандар бар. Қазір ядролық арсеналдың 90%-АҚШ пен Ресейге тиесілі. Державалар арасындағы текетірес, түрлі геосаяси мүдделер адамзаттың хас жауы болған ядролық қарудан толықтай бас тартуға мүмкіндік бермей отыр дейді Елбасы. Сол үшін тығырықтан шығар жолды бірігіп іздеуіміз керек.  

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті: 
-Әрине, бұл жол оңай болмайды және мұнда айтарлықтай кедергілер бар. Бірақ Теодор Рузвельт айтқандай: «Сіз қолыңыздан келетініне сенсеңіз, мақсатқа жетелеген жолдың жартысына жеткеніңіз». Біз адамзатты соғыс қаупінен біржола арылту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұдан маңызды мақсат жоқ. 

Ол үшін Елбасы былтыр Жаһандық көшбасшылар альянсын құруды ұсынған. Бастаманы қолдайтындарын айтқан ондаған елдің сарапшылары мен экс-президенттері бұл болашақ үшін маңызды қадам деді.  

Джонатан Гранофф, Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті: 
-Ядролық қарумен соғысу – әлем елдерінің ойранын шығарып қана қоймай, адамзаттың өзін құртып жіберуі мүмкін. Сондықтан әрбір ел ядролық қаруды пайдалану өзіне зиянын тигізетінін түсінуі керек.  

Сарапшының айтуынша қазір 13 мыңнан астам ядролық қару бар. Тіпті оған иелік ететіндер арсеналын жаңартып жатыр. Ал Ауғанстанның экс-президенті осы жойқын қару террористердің қолына түссе не болады деп уайымдап отыр. Әрі Хамид Карзай экстремизмнің Исламға қатысы жоғын айтып, мұсылмандарды жеккөрінішті қылу «қитұрқы саясат» деді. Ал соған сеніп жүргендер сол саяси ойынның құрбаны болуда.  

Хамид Карзай, Ауғанстанның экс-президенті:  
-Діннің атын жамылып, жасалатын түрлі жарылыстардың артында державалардың геосаяси мүддесі жатыр. Терроризмнің Исламға қатысы жоқ. Бұл соғыста жазықсыз адамдардың қырылып жатқаны өкінішті.  

Мұндай қауіптің алдын алу үшін конференцияға қатысушылар әлемдік державаларға ашық үндеуін жариялады. Сарапшылар мұны биылғы жылдың антиядролық маңызды іс-шарасы деп баға беріп отыр.

Досжан Маратұлы  


Елбасы ядролық қару халықаралық конференция

Хабарламаларға жазылу