Алматының бас санитары жұмыс берушілерге қызметкерлерінің 80 пайызын қашықтыққа жіберуді ұсынды. Себебі, кеңседе жұмыс істейтіндер мен көпшілік орындарға барған жастар арасында вирус жұқтыру жиілеген. Соның салдарынан қауіпті инфекция онлайн форматта білім алып жатқан оқушылардан да табылып жатыр. Қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы Нұрхан Нұрланұлы тікелей эфирде баяндауға дайын.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:- Алматыдағы науқастардың басым бөлігі 20 мен 39 жас аралығындағы тұрғындар. Олардың көбі түнгі клубтар мен сауда орталықтарында, көпшілік орындарда вирус жұқтырған. Осылай деген қаланың бас санитар дәрігері жастар арасында ауру өршіп, егде жастағыларда керісінше соңғы 3 аптада 7 жарым пайызға азайғанын айтты. Сонымен қатар, Жандарбек Бекшин шаћардағы қонақүйлердің бірінде 150 адамға арналған жиын өткізуге не үшін рұқсат бергенін түсіндірді.
Жандарбек Бекшин, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері:-Рұқсат банкет өткізуге емес, персоналды оқытуға берілген. Олар ұзақ уақыттан кейін қызметкерлерді қайта жинап жатыр. Ал көпшіліктің назарына іліккен шара тек бір рет өтуі тиіс болатын. Алайда, қонақ үй басшылығының тарапынан қателік жіберіліп, оның бір реттік шара екені көрсетілмеген.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:- Қалада ауру өсімі өткен айда басталып, науқастар саны қыркүйек айымен салыстырғанда 2,2 есе көбейіп, осы аралықта 36 адам көз жұмған. Олардың 26-сы 65 жастан асқандар. Көпшілігі ауруханаға кеш барған немесе жақындарының айтуымен ғана көмекке жүгінген. Барлығының созылмалы аурулары болғандықтан, дәрігерлер ешқандай көмек көрсете алмады. Сондай-ақ шаћарда қыркүйек айынан бері 115 оқушы вирус жұқтырған. Олардың 109-ы онлайн режимінде оқып жатқан балалар. Қалған алты оқушы кезекші сыныпта болғандықтан, сыныптар карантинге жабылған.
Нұрхан Нұрланұлы