Бір айда КВИ жұқтырғандар саны 3,7 есеге өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір айда КВИ жұқтырғандар саны 3,7 есеге өсті

27.11.2020

Қатаң карантин тұтас Қазақстан бойынша қайта енгізілуі мүмкін. Өйткені ел тағы еркінсіп кеткен. Салдарынан коронавирус жұқтырғандар саны бір айда 3,7 есеге артқан. Денсаулық сақтау министрі қатысқан брифингтен Асима Нұрбайқызы. Елдегі эпидахуал мәз емес. 5 облыс «қауіпті аймақта». Шығыс және Солтүстік, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарында қауіп басым. Алматыда да вирус өршіп барады. Сары аймақта. Ал қалған өңірлерде жағдай тұрақты болғанмен, күн сайын ауру тіркеліп жатыр.

Індетті қазір тежемесе, күш алып кетуі мүмкін. Бас дәрігер жағдай ушықса, қатаң карантин қайта енгізілетінін ескертті. 

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: 
-Апта сайын мәліметтерді талдап, болжам жасап жатырмыз. Желтоқсан-қаңтар айларында карантин шараларын енгізу, енгізбеу эпидахуалға байланысты. Коронавирус өршіген кейбір өңірде қазір жұқтыру деңгейі сәл төмендеп келеді. Мәселен, Шығыс Қазақстанда жағдай реттеліп, вирустың таралуы азайды. 

Қазір инфекциялық ауруханалардың 22 пайызы, жансақтау бөліміндегі төсектер санының 17 пайызы ғана толық. Яғни, әзірге резерв бар. Дегенмен, ешбір елдің індетке қарсы екпесі әлі дайын емес. Вакцинаның онға жуық түрі бар. Бірақ қайсы алдымен дайын болатынын болжау қиын. Ал қазақстандық вакцина сынақтың екінші сатысынан желтоқсанда өтеді. 

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 
- Тіркелгені жарияланған алғашқы вакцина – ресейлік. Мемлекет басшысы Қазақстанда да зауыт салып, өндірістік қуаттылықты жолға қоюды тапсырды. Бұл өте маңызды шаруа. Себебі халықтың вакцинаға қолжетімділігін реттеуіміз тиіс. Оны фармацевтикалық зауыттардың жанындағы алаңдарда салуымыз мүмкін. Қазір мұны ресейлік әріптестермен талқылап жатырмыз. 

ПТР-тестілеудің қуаттылығы тәулігіне 90 мыңға жетті. Демек, сынама алуға мүмкіндік мол. Елдегі 66 мектеп қазір карантинге жабылды. Алда мерекелі ай. Алексей Цой мейрамдарда топтасып жиналмай, отбасы мүшелерімен ғана атап өтуге кеңес берді. 

Асима Нұрбайқызы 

КВИ Қазақстан инфекция Алексей Цой ПТР коронавирус

Хабарламаларға жазылу