Жезқазғанда 2 қабатты үйдің қабырғасы жарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда 2 қабатты үйдің қабырғасы жарылды

26.11.2020

Жезқазған қаласындағы Бейбітшілік көшесіндегі №1 үйдің қабырғасы жарылған. Тұрғындардың кейбірі қауіптеніп баспанасын тастап, көшіп кеткен. Алайда мамандар техникалық сараптама жүргізіп, ескі үй жөндеуге келеді деген қорытынды шығарып отыр. Бірақ ол жұмыс енді кімнің есебінен жүргізіледі, үй қабырғасының жарылуына не себеп болды? Өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы мәселенің мән-жайын баяндасын.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
-Үй бойынша ең көп зардап шеккен дәл осы пәтер. Мұнда көпбалалы отбасы тұрған. Қабырғасы қақырап, едені төмен түсіп, есік-терезесі қисайып кеткен баспанадан жанұя амалсыз қоныс аударған. 

Қазір қабырғадағы жарықтардың көлемі шамамен 5 сантиметрге дейін жеткен. Антонина Сурусинаның үйінде де алғашқы сыналар пайда болғанда мамандар арнайы белгі қойып кеткен. Кейін өзге бөлмелердің де қабырғасы қақырай бастапты.    

Бұл үйдің жертөлесіне үнемі су толады. Мамандардың айтуынша, ол сырттан келеді екен. Сол маңда жерасты құбыры тесілген болуы мүмкін. Жертөледегі суды қанша сорғанмен қайтадан көлкіп кетеді,

Нұрбала Махметова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
-Өткенде қазу жұмыстары жүргізілді, трубаларды айырбастады. 

Үй кез келген сәтте опырылуы мүмкін деп қауіптенген тұрғандар ақша жинап, жуырда техникалық сараптамаға тапсырыс берген. Мамандар үй жөндеуге келеді деген қорытынды шығарып отыр. 

Алиса Сағымбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
-Ай сайын қабырғаларға біз маяк қойып, анықтап отырдық. Осы күнде техникалық зерттеу өтті. Техникалық зерттеу бойынша бұл үйді күрделі жөндеумен қалпына келтіруге болады деген қорытындыны алдық. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңына сәйкес, күрделі жөндеу кондоминиум қатысушыларының өздерінің қаражатынан жүреді.  

Әкімдік мамандары үйді жөндеудің тағы бір жолын ұсынып отыр. «Тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасы арқылы несие алуға болады. Кейін жұмсалған қаражатты тұрғындар бірнеше жыл ішінде қайтаруы тиіс.

Руслан Нұрланұлы

Жезқазған үй қабырғасы

Хабарламаларға жазылу