Түркістан облысында құны 34 млн теңге болатын дәрі-дәрмек контрабандасының жолы кесілді. Сарыағаш ауданында жүк көлігін тоқтатқан полицейлер фургон автокөлігінің ішінен тиісті құжаттары жоқ 254 қорап дәрілік заттарын тапқан. Тәркіленген заттардың ішінде бисептол, кетонал, глицин және басқа да препараттар болған.
Сондай-ақ, аталған жүк Өзбекстан республикасының азаматына тиесілі екендігі анықталды. Заңсыз тауар тәркіленіп, қандай мақсатта шекара асырылмақ болғаны тексерілуде.
Салтанат Қаракөзова, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:- Дәрілік препараттар Ресей Федерациясынан Өзбекстанға контрабандалық жолмен тасымалданғаны анықталды. Дәрі-дәрмектің пайдалану уақыты да өтіп кеткені белгілі болды.
Ал Батыс Қазақстанда 1000 ПТР-тестті шекара асырмақ болғандар ұсталды. Алматыдан шыққан жүк көлігі Мәскеуге бағыт алған. Сырым бекетінде тәркіленген тауардың нарықтық құны 5 млн теңгеден асады. Жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, ісі сотқа жолданды.
Айнұр Ақбаева