Пандемияға байланысты мұнай өндіру көлемі 5 млн тоннаға кеміді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пандемияға байланысты мұнай өндіру көлемі 5 млн тоннаға кеміді

24.11.2020

Коронавирусқа қарсы вакцина әзірленсе экономика қайта жандануы мүмкін. Жағдай тұрақталса, әуе, автокөлік қозғалыстары жанданады. Биржалық тауар саналатын мұнай мен газ саудасы артады. Оның үстіне мұнайдың құны елдегі ахуалға байланысты өзгеріп отыратыны белгілі, - дейді Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.  

Биыл елімізде 90 млн тоннадай қара алтын өндірілуі тиіс еді. Бірақ пандемияға байланысты бұл жоспар 5 млн тоннаға кеміді. Министрдің сөзінше, қазір электронды саудаға басымдық беріліп отыр. Биыл мұнай мен газды есепке алуға қатысты ақпараттық база құрылды. Пилоттық жоба аясында өнімді шығару, өңдеу мен тасымалдауға қатысты мәліметтер осы жүйеде автоматтандырылады. Сондай-ақ биыл мұнай газ секторы нарығын ілгерілетуге бағытталған екі бастама іске асады. Оның бірі жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қоры.

Нұрлан Ноғаев, ҚР Энергетика министрі:   
-Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар қандай тауарлар қоя алады. Бұл тауарлар шықпайтын болса қандай іс-әрекет жасау керек деген мәселелер қаралады. Және осы қор арқылы несие де беріледі. Біз мұны пысықтап жатырмыз. Екіншіден, мұнай-газ машинасын жасау мен сервисті дамыту халықаралық орталығы құрылмақ. Мақсаты - жаңа өндірістер мен қызметтік орталықтар ашу.  

Жасыл экономикаға бетбұрыс ретінде жыл соңына дейін жаңартылған энергия көзін өндіретін 4 нысан іске қосылады. Осылайша қуат көзінің бұл түрін 2030 жылға дейін 10 пайыз, 2050 жылға дейін 50 пайызға жеткізу көзделген. Алдағы төрт жылдың ішінде 13 су электр станциясы, 34 жел электр станциясы мен 12 күн электр станциясы салынады. Нәтижесінде олардан алынатын қуат көзі 3000 мегаватқа жетеді деген жоспар бар.

Раушан Сайлауқызы


Пандемия мұнай

Хабарламаларға жазылу