Жезқазғанда мемлекеттік бағдарламамен үй алғандар пәтерлерін қайтарып беруге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда мемлекеттік бағдарламамен үй алғандар пәтерлерін қайтарып беруге мәжбүр

24.11.2020

Жезқазған қаласында 9 отбасы баспанасыз қалуы мүмкін. Осыдан тура екі жыл бұрын бюджеттік мекеме қызметкерлеріне жалдамалы пәтер берілген болатын. Енді босатыңдар деген ескерту қағаз келген. Бар қателік үйді үлестіруші комиссиядан кеткен. Мәселенің мән-жайын өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы біліп келді. 

Руслан Нұрланұлы, тілші: 
-Бұл үй 2018 жылы мемлекеттік бағдарламамен берілген. Қала әкімі кілттерді салтанатты түрде табыстағанда тұрғындардың қуанышында шек болмаған. Алайда тура бір жыл өткен соң осындағы 9 отбасыға пәтер шатастырылып берілгені жөнінде хабарлама жеткен. 

Пәтерді босату жөніндегі ескерту қағазы келгелі тұрғындардан маза кетті. Әу баста көпшілікпен бірге кезекте тұрып, баспаналы болғандардың арасында Гүлдана Наурызбаева да бар. 

Гүлдана Наурызбаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:
-Бұл жерде қателік біздікі емес. Әкімшілікте отырған адамдардың қателігі. Ешкімге ақша, пара берген жоқпыз. Өз кезегімізбен тұрып алынған үй. Енді келіп қарапайым халық зардап шегуде. 

Ескерту алғандардың бірі - бес баланың анасы Ұлтуған Әжібекова. Бұл отбасы баспанаға кірмес бұрын қыруар қаржыға пәтерін бастан-аяқ жөндеген. 

Ұлтуған Әжібекова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
-Енді ЖКХ-ның қазіргі бастығы соттың шешімін күтеміз, күтіңіздер. Соған қарай көреміз деп уәде беріп кетті. 

Тұрғындардың айтуынша, тұрғын үй комиссиясы пәтерді бөлгенде қателік жіберген. Мұны тексеріс барысында прокурорлар әшкерелеген. Ал құжаттан өрескел қателік жіберген жауапты маман тек ескертумен құтылған.

Қайрат Әбсаттаров, Жезқазған қаласының әкімі:
-Тұрғын үй комиссиясынан қате кеткен. Олармен мен кездестім. Әрине, олардың жағдайын түсінеміз. Қазіргі кезде әр адамға баспанасыз өмір сүру мүмкін емес. Олардың ешқайсысы да үйсіз қалмайды. 

Соңғы шешімді сот шығаруы тиіс. Егер сот қарсы тараптың пайдасына шешім шығарса, тұрғындар көктемде үйді босатуы тиіс. Әзірге 9 отбасына жылу маусымы аяқталғанша осы пәтерлерінде тұруға рұқсат берілді.

Руслан Нұрланұлы

Жезқазған мемлекеттік бағдарлама пәтер

Хабарламаларға жазылу