Алдағы жылдары елдің шығыс аймағына көгілдір отын жеткізіледі. Облысты газдандыру тұжырымдамасы сәуірге дейін әзірленуі тиіс. Бүгін елді мекендерді газдандыру мәселелері қаралған Үкімет отырысында Премьер-Министр жауаптыларға осындай тапсырма берді.
Елордалықтар көмірдің орнына көгілдір отын тұтына бастады. Әлеуметтік нысандардан бөлек, 5 мыңдай жер үй газға қосылды. Жыл соңына дейін тағы мың отбасы игілікке қол жеткізеді.
Бірақ Шығыс өңірінің аспанын қыста көк түтін торлап алады. Тұрғындар әлі күнге қатты отын тұтынуға мәжбүр. Мұндай машақаттан жұрт таяу жылдары арылады деген жоспар бар. Үкімет басшысы Асқар Мамин облысты газдандыру тұжырымдамасын тез арада дайындауды тапсырды.
Нұрлан Ноғаев, ҚР Энергетика министрі:-Осы өңірлердегі 2,1 млн адамға қамту көмек береді. Жұмыс тобы құрылып, Ресей тарапымен пысықталуда.
«Сарыарқа» газ құбыры жобасының 2 және 3 кезеңдерінде солтүстік аймақ қамтылады. Жалпы биыл 10 млн-ға жуық адам көгілдір отын тұтынып отыр. Яғни, қазіргі меже – 53 пайыз.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:-2025 жылы 60 пайызға жетеді. Бұған Сарыарқа жобасын 2,3 кезеңін іске асыру белсенді түрде жалғастыру керек.
Ал газбен қамтылған өңірлер қауіпсіздікке баса мән беруі тиіс. Өйткені, бірқатар облыста жабдықтау нысандарында ақау бар. Үкімет басшысы осы мәселелерге қатысты әкімдіктерге мұқият болуды тапсырды.
Асима Нұрбайқызы