Шығыс Қазақстанда Тұрғысын гидроэлектр станциясының құрылысына атсалысқан 161 адам көктемнен бері еңбекақысын ала алмай жүр. Алтай ауданында салынып жатқан стратегиялық нысанның құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар көптеп тартылған. Бүгінде мердігер компанияның жұмысшылар алдындағы қарызы 30 миллион теңгеден асып кеткен.
Қазір Парыгино ауылында тұратын ондаған адамның қолында еңбекақы мен зейнетақыға қатысты есеп жазылған құшақ-құшақ құжат жүр. Айтуларынша, көктемнен бері жалақы алмаған.
Виктор Сейітов, Алтай ауданының тұрғыны:Мамыр айынан бері еңбекақыны алмадық. Бір тиын бермеді. Алтай қаласындағы прокуратураға, «Nur Otan» партиясына арыз-шағым жаздық. Бірақ олар бізге әлі жауап бермей отыр.
Тұрғысын гидроэлектр станциясының құрылысы 5 жыл бұрын басталған. Жалақы қарызына қатысты дау осыған дейін бірнеше рет туындаған. Еңбек инспекциясы тексеріп, мердігерді әкімшілік жауапқа да тартқан. Ал бұл жолы құжаттарды сот орындаушыларына да жолдаған.
Ерасыл Мұхтаров, Алтай ауданы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы:161 адамның алдында берешек бар екенін анықтадық, жалпы сомасы 31 миллион теңгеге жуық. Берілген ұйғарымдар сот орындаушыларына жібердік. Осы аптаның аяғына дейін қарыз төленеді деп тосамыз.
Құрылыс жұмысына жауапты мекеме басшысы журналистермен кездесуге құлық танытпады. Ал ГЭС-ті салуға тапсырыс бергендер мердігерге қаражатты толық аударғанын айтады. Бірақ ол ақшаның мақсатсыз жұмсалғанын анықтаған. Енді жұмысшылардың жалақы қарызын құрылтайшы өтемек.
Қалау Баймұхамбетов, ГЭС салуға тапсырыс беруші компания директоры:Бүгін шешім келді. Тапсырыс беруші компанияның құрылтайшысы өз ақшасынан қаржылай қолдау көрсетем деп отыр.
Жұмысшылар үшін қаражаттың қай мекеменің, кімнің төлейтіні маңызды емес. Тек табан ақы, маңдай термен тапқан табысына қол жеткізсек болғаны дейді. Өйткені көбі ауылдағы дүкендерге берешек. Кейбірінің қарызы 200 мың теңгеден асып кеткен.
Берік Көшербай