Алматыда ағаштарды түн ішінде заңсыз отап тастау оқиғасы Президенттің назарынан да тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа бұл іске қатысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.
Ал прокуратура аталған дерек бойынша тергеуді бастады. Алматылық экобелсенді Тимур Елеусізовтің айтуынша, 9 түп көпжылдық емен, 4 түп шегіршін, жалпы 13 түп ағаш кесілген. Ал Жасыл экономика басқармасы ағашты кесуге қатысты ешқандай рұқсат берілмегенін айтып отыр.
Айта кетейік, шаһардағы Төле би көшесі бойындағы ағаштардың кесілгеніне тұрғындар наразылығын білдірген еді. Олар кеше таңғы 5.00 шамасында қатты шудан шошып, полиция шақырған. Айтуларынша, ағаштарды сыртқы көріністі бұзады деген желеумен «Сулпак» дүкені кестірген. Алайда сауда үйінің басшылығы бұған еш қатысымыз жоқ деген ақпарат таратты. Дүкен алдына мердігер компания қызметкерлері қайтадан жасыл желек егіп жатыр. Алматы экологтары жеңіл жазаның кесірінен табиғатқа зиян келтірушілер қатары артып жатқанына алаңдаулы.
Жазира Оразқызы