IX Азаматтық форумы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

IX Азаматтық форумы басталды

23.11.2020

Бүгін Қазақстанның IX Азаматтық форумы басталды. Онлайн-форматтағы жиын 5 күнге созылады. Үкіметтік емес ұйым өкілдері мен министрлер арасында 12 салалық онлайн-кездесу өткізілмек. Форум жайлы тілшіміз Ақниет Балтанова айтып беруге әзір.  

Ақниет Балтанова, тілші: 
- Биылғы форумда баяндамалар, пікірталастар, тренингтер ғана емес, бейне подкасттар мен министрлердің үкіметтік емес сектор өкілдерімен кездесуі өткізілуде. Бүгін шараның ашылуы әрі бірінші күні. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық қоғам» сараптама алаңында форум қатысушылары парақорлықпен күресудің тиімді әдіс-тәсілдерін талқылады.  

Одан кейін «Азаматтық қоғам мәселелері» атты сараптама алаңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиеваға форум қатысушылары тікелей өз сұрақтарын қойып, жауап алды.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі: 
-1990 жылы елімізде ресми тіркелген ҮЕҰ саны 100-ге жетпей, оның он шақтысы ғана белсенді болса, осы күні олардың саны 20 мыңнан асады. Оның 5 мыңнан астамы қоғам өміріне белсене араласып жүрген ұйымдар. 

Соңғы 15 жылда ҮЕҰ жобаларына бөлінетін қаражат 200 есе артып, биыл 25 млрд теңгені құрады. Түрлі бағыт бойынша 10 мыңдаған жоба іске асып, мыңнан аса ұйымның жұмысы қарқынды дамыды. «Ана үйі», «әлеуметтік кісіпкерлік мектеп», «пандус.ок» сынды әлеуметтік жобалар соның айғағы. Денсаулық сақтау саласындағы олқылықтардың орнын толтыру, қоршаған ортаны қорғау, теміртордан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, сияқты мәселелер биылғы форумның басты тақырыбы. Онлайн-кездесулер әлі 4 күн жалғасады. Сондықтан қатысушылар спикерлерге сұрақ қойып, алдағы жұмыс жоспарларын бекітеді. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша форумның соңғы күнінде қорытынды жасалады.   

Ақниет Балтанова 


Азаматтық форум

Хабарламаларға жазылу