Ақтөбе облысы Бестамақ ауылы тұрғындарының шошқа фермасын жабу туралы шағымы орынды. Облыс әкімі кәсіпкерге шаруашылық бағытын өзгерту немесе мүлдем жабу талабы қойылатынын баспасөз бен әлеуметтік желі арқылы жариялады.
Бестамақ тұрғындары өткен демалыс күні де шошқа фермасының маңына жиналды. Олар шаруашылық жұмысы тоқтамайынша тыным таппаймыз дейді. Ал кездесуге келген әкімдік өкілдері арнайы құрылған комиссия 10 күн ішінде қорытындысын шығаратынын айтты. Одан кейін құжат құзырлы органдарға, прокуратураға жіберіледі. Экологияға келген шығындар анықталып, кінәлі адамдар жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы құқық қорғау органдарына тапсырма берілген.
Нұржауған Қалауов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:Қойылған талаптар кәсіпорын басшысына жеткізілді.Олар тарапынан қазіргі фермада әрі қарай шаруашылықты қалай тоқтату керек немесе ішіндегі малдарды өткізу туралы жоспарын бізге беру керек. Содан кейін кезең-кезеңмен мерзімдері белгіленіп, бұл мәселені шешу жолы қаралады.
Жақсыбек Кемал