Әлемде өткен тәулікте 604 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлады. Өлім-жітімнің жоғары деңгейі Еуропа елдерінде тіркеліп отыр. Көптеген мемлекеттер пандемияның үшінші толқынына дайындалып, карантин талаптарын күшейтуге кіріскен.
Түркияда соңғы тәулікте алты мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бүгінде 4 мыңдай адам жансақтау бөлімінде жатыр. Дерттен бір күнде 139 адам көз жұмған. Коронавирустың таралуын тежеу мақсатында, сенбі-жексенбі күндері коменданттық сағат жарияланып, тұрғындардың далаға шығу уақыты шектелді.
Фахреттин Қожа, Түркия денсаулық сақтау министрі:
Қыс келген соң, адамдар жабық ғимараттарда ұзақ уақыт болады. Осы себепті бізде ғана емес, бүкіл әлемде вирус жұқтырғандар саны күрт артты. Ыстамбұл, Измир сияқты үлкен қалаларда басталған коронавирустың көбеюі, бүкіл ел аумағына жайылды. Вирустың таралуына тосқауыл болу үшін біз қатаң шектеу шараларына көшуге мәжбүрміз.
Ал Германияда 5 мыңдай адам карантинге қарсы наразылық акциясына шықты. Тұрғындардың пікірінше, қатаң талаптар адамдардың құқығы мен бостандығын шектеуде.
Испанияның Барселона қаласында да халық өз наразылығын білдіріп жатыр. Шахарда бүгіннен бастап барлар мен мейрамханалар қайта ашылды. Алайда түнгі клубтардың жұмысына рұқсат берілмеген. Демонстранттар мұны әділетсіздік деп отыр.
Оңтүстік Кореяда шектеу шараларының күшейтілгеніне қарамастан, тәулігіне 200-ден астам адам індетке шалдығуда. Ел үкіметі ертеңнен бастап ойын-сауық орталықтарын жауып, қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын шектейді.
Чжон Ын Кенг, Корея ауруларды алдын алу және бақылау агенттігінің директоры:
Жастардың вирус жұқтыруы көп тіркелуде. Себебі 20-30 жастағылар мейрамхана, кафелерге жиі барып, топтық кездесулерге жиі шығады. Сондықтан әлеуметтік қашықтық сақталмайды.
Қытайдың Шанхай қаласында коронавирусқа байланысты 300-ге жуық әуе рейсі тоқтады. Оған әуежай қызметкерлерінен ковидтің анықталуы себеп. Осы оқиғадан кейін мекеме 17 мыңнан астам жұмысшыны тестілеуден өткізген. Соның салдарынан діттеген жеріне жете алмаған жолаушылар наразылық білдірді.
Жансая Қапасқызы