Алматыда студенттерден заңсыз ақша ұстап келген оқу орындары анықталды. Қалалық прокуратураның мәліметінше, колледж әкімшілігі сабақтан қалған шәкірттерге айыппұл салып отырған.
Кейбір білім ошағы сабаққа кешігіп келген студентке айыппұл салса, енді бірі тәртіптік жаза қолданған. Мұндай пункт ішкі ережеде қарастырылған болып шықты. Құзырлы орган мамандарының араласуымен арнаулы орта білім беру мекемелерінің әкімшілігі бұл талапты алып тастады. Қазір 500-ге жуық колледж студентінің құқығы қорғалып, оларға 3 миллион теңгеде қаражат қайтарылды. Сондай-ақ, шәкіртақының бір бөлігін кәсіподаққа төлеуінің арқасында 4,5 миллион теңге жиналған. Бұл әрекет те тоқтатылды.
Кенесары Бағбанұлы, қала прокурорының көмекшісі:
Екі фактіні біз тексердік. 5 колледждің жұмыстары заңсыз әрекетке алып келген. Соның бәрін біз тоқтаттық. Заңды түрде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.
Қуан Нұрақын